Қымызмұрындық мерекесі: Ақсуда алғашқы қымыз ішу рәсімі тойланды

Қымызмұрындық мерекесі: Ақсуда алғашқы қымыз ішу рәсімі тойланды
Фото: Есенжол Исабек

@Pavlodarnews.kz тілшісі ұмыт болған дәстүрге қатысып, сусынның пайдасын анықтап білді. 

Ақсу қаласының мәдениет және демалыс саябағында ежелгі қазақ салтына негізделген қымызмұрындық мерекесі кеңінен атап өтілді. 

Мерекенің шымылдығын қазақтың ұлттық «Қосбасар» биімен «Айгөлек» үлгілі би ансамблі ашты. Кейін С. Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының ұйымдастыруымен жергілікті әртістер мен «Асыл мұра-Ақсу» қоғамдық бірлестігі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің әжелері театрандырылған қымызмұрындықтың көрінісін көрсетті. 

Алаңда құрылған сахнада екі дастарха жайылып, алғашқы қымыздан дәм тату барысында жас бала үлкендерінен мерекенің мәнін сұрайды. Сол кезде қымыздың жеті түрі бар екені және қымызмұрындық көктемгі еңбектің жемісін атап өтетін маусымдық мереке ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірлік пен қонақжайлықтың, ырыс пен ынтымақтың символы екені түсіндірілді. 

Мерекеге Ақсу қаласына қарасты алты ауылдық округінің белсенді, шебер, өнерпаз тұрғындары келіп, кішігірім ауылдар құрып, қонақтарға қазақи атмосфераны сыйлай отырып, дәстүрлерді көрсетті. 

– Әр ауыл 20 литр қымыз бен бауырсақтар әкелді. Қала тарапынан 40 литр қымыз дайындалып, 30 келі бауырсақ пісірілді. Пайдалы әрі емдік қасиеті бар сусын мен ыстық бауырсақтар тұрғындарға таратылды. Бірақ ең басты мақсат қарын тойдыру емес, жаңғыртылған дәстүрді көрсету болды, – деді Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медғат Манапов.

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақсудағы төрағасы Шәмшия Құсаинованың айтуынша, биыл Қызылжар, Алғабас, Құркөлде бірлестіктің үш филиалы ашылды. Қымызмұрындық – олардың алғаш рет өткізіп жатқан ауқымды іс-шарасы.

Тігілген киіз үйдің қасында жүнді түтіп, иіріп, сабап жатқан әжелер баршаның көзіне ерекше түсті. Ал киіз үйдің ішінде отырған жасөспірім қыздар қазақтың әшекейлерін өз қолдарымен жасап, шеберлік сабақ өткізді.

– Қымызмұрындық дегеніміз – мамырдың аяғында мен маусымның бас жағында жасыл шөп өсіп келе жатқанда биелерді байлап, оларды сауып, алғашқы қымыз ішудің рәсімі. Саумал денсаулыққа ең қажетті,  керек сусын. Қымыздың түр-түрі бар. Ащы қымыз деп 4-5 күн түрып қалған қымызды айтады. Ал бал қымызға тәттілерді қосады, – деді Шәмшия Құсаинова.

Алты ауылдың көріністерін аралап жүрген тұрғындар түрлі салт-дәстүрлермен танысты. Мысалы, Евгеньевка ауылдық округінің адамдары қымызмұрындыққа бастаңғы деп аталатын салтты көрсетуге келді. Бастаңғы – жаздың жайма шуақ күні шыққан кезде дәл осы қымызмұрындық басталар уақытта жастардың арасында жасалатын дәстүр. 

– Бұл енді қыз бен жігітті таныстыруға ыңғайланған мезгіл деп ойлайсың. Ата-анасы осындай мерекеге кеткен кезде артында үйде қалған қыздар бастаңғы жасап, жігіттерді шақырады. Бастаңғыға келген жігіттер өздерінің әндерін айтып, қыздарға деген селт еткізер сыйлықтарын әзірлеп әкеледі, ал қыздар болса, өздерінің үйлеріне әдемі дастархан жасап, ән күйлерін, билерін дайындайды. Сол арқылы жастар бір-бірімен танысып, бастаңғы үлкен мерекелік тойға жалғасады, – деді Үштерек ауылының тұрғыны, халықтық «Атамекен» ансамблінің концертмейстері Күлән Қойлыбай. 

Қымызмұрындықта маңызды рәсімдердің бірі – баланың тұсаукесері жасалды. Мәмәйіт Омаров ауылының тұрғындары екі мерекені қатар тойлап, кішкентай қыздың алғашқы қадамдарының қуану үшін Ақсуда басын қосуға бел буды.

– Ауылдың әжесі, көпбалалы ана баланың тұсауын кесті. Осылайша, қымызмұрындықта тұсаукесеср рәсімін жасадық, – деді Құркөл ауылы мәдени орталығының мәдени ұйымдастырушысы Зайраш Әзенова. 

Дәстүрлерден бөлек қонақтар қолөнершілер көрмесін тамашалады. Ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кестелі шеберлік туындылары – баба мұрасына деген сүйіспеншілікпен жасалған ерекше дүние. Мысалы, Железин ауданынан келген Нұрлан Мұхамеджанов монеталар жасаумен  10 жылдан астам уақыт айналысып жүр. Ол көрмеге мерейтойлық, ру атаулары бастырылған жез, мельхиор монеталарын әкелді.

– Уақыт ағынымен бірге жұмыс істеуге тырысамыз. Абайдың 180 жылдығына орай монеталар жасап, таныстырып отырмын. Алғаш рет осы іске «Ұлы дала елі» өткен кезде қызықтым. Ол кезде Алматыдан, Түркістаннан келген зергелердің тыйындарына тамсандым, – деп бөлісті ол.

Ал ақсулық тұрғын Әсем Шамуратова қолөнермен айналысып, көрпешелер тігеді. Ол көрмеге анасы тұрмыс құрған бойда жаңа үйде киген 40 жылдық тарихы бар қамзолды әкелді. Әйел әкесі бірнеше жыл бұрын қасиетті жерлерден әкелген қасқырдың саусағы бар тасбихты қала әкімі Болатбек Шәріповқа сыйлады.

– Үйде жатып, өз иесін таппай жүрген зат еді. Ақсу өңіріне жақсылық әкелсін, қаланы танымал етсін деген ниетпен әкімге тасбих сыйладым, – деді Әсем Шамуратова.

Өз кезегінде Болатбек Шәріпов халықты мерекемен құттықтады.

– Қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа маусымның алғашқы қымызынан дәм татып, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты. Бұл шара қонақжайлықтың, жомарттықтың, бірліктің және дәстүрге деген құрметтің символына айналды. Осы мереке әрбір шаңыраққа денсаулық, амандық пен қуаныш әкелсін! – деп құттықтады қала әкімі. 

Айта кетейік қымызмұрындыққа 500-ден астам адам келді. Балаларға арналған спорттық алаңдар да қарастырылды. Олар импровизацияланған қошқар көтеруден әлек болып, бес асық ойнап, күліп жүрді.