Павлодар облысында өрт сөндірушілер шеберліктерін арттыруда

Павлодар облысында өрт сөндірушілер шеберліктерін арттыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Жуырда төтеншеліктер орман өртін ерте анықтау бойынша оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі аумағында Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті Шарбақты ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, өртті ерте анықтау жүйесін сынақтан өткізу бойынша оқу-жаттығу өткізді.

– Оқу-жаттығу барысында өрт ошақтарын дер кезінде анықтау, ақпаратты жедел жеткізу және қызметтер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру бойынша тәжірибелік әрекеттер пысықталды. Мониторинг жүйесінің жұмысына және жауапты бөлімшелердің өзара байланысына ерекше назар аударылды, - дейді төтеншеліктер.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар өрт қауіпті кезеңге дайындық деңгейін арттыруға, ірі орман өрттерінің алдын алуға және табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, резерваттағылар өңір тұрғындарына орман алқаптарында демалу кезінде өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды ескертеді.

–  Азаматтарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқайсымыздың ортақ міндетіміз екенін еске саламыз. Орман өрттерінің алдын алу – қоғам алдындағы маңызды жауапкершілік, сондықтан өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Табиғат аясында демалып жүрген барлық тұрғындарды мұқият әрі қырағы болуға шақырамыз. Өз өміріңізге және жақындарыңыздың өміріне қауіп төндірмеңіз. Орманда тәртіп сақтау, табиғатқа ұқыпты қарау және қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындау – орманды өрттен қорғаудың басты кепілі, - дейді резерваттағылар.

Табиғат жанашырлары тұрғындарды ормандағы өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Әсіресе, орманда от жағуға, шылым шегуге және өрт шығу қаупін тудыратын заттарды қалдыруға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

Егер сіз өрт немесе түтін байқасаңыз бірден 101, 112 немесе +7 705 601 96 80 нөміріне хабарласыңыз.