«Қызылжар» «Ертісті» жеңіп, команданың жағдайын қиындатты
Қазақстан Премьер-лигасының 28-туры аясында Павлодарда өткен матчта жергілікті «Ертіс» Петропавлдың «Қызылжарынан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz тілшісі.
Бұл жеңіліс павлодарлықтардың Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу міндетін күрделендіре түсті.
Кездесуді қонақтар белсендірек бастады. Екі командаға да жеңіс ауадай қажет болғанымен, ойын барысы «Қызылжардың» басымдығын көрсетті. Құрамындағы ойыншылардың шеберлігі мен тәжірибесі жағынан петропавлдықтар алаң иелерінен басым көрінді. Бір қызығы, бұл ретте «Қызылжар» турнирлік кестеде «Ертістен» төмен орналасқан.
Есепті Айбол Әбікен алыстан бағыттаған күтпеген соққыдан кейін ашты. Қақпашы Мирас Рихард бұл допты қиындықсыз қайтаруы керек еді. Алайда ол допты сәтсіз тосып, ақыры өз қақпасына енгізіп алды.
Голдан кейін павлодарлықтардан белсенді шабуыл күткен жанкүйерлердің үміті ақталмады. «Ертіс» есепті теңестіру үшін айтарлықтай қысым көрсете алмады. Тек екінші таймның басында алаң иелері ойынды қарсылас қақпасына қарай ығыстырып, «Қызылжар» аймағында көбірек доп ұстауға мүмкіндік алды.
Дегенмен тәжірибелі қонақтар ойын тізгінін қолдан шығармады. Алаң ортасында Евгений Макаренко бастаған петропавлдықтар ойынды өз қақпасынан алыстатып, қарсыластың қарқынын бәсеңдетті.
Кездесудің келесі шешуші сәтінде де «Ертіс» қақпашысының қателігі байқалды. Мирас Рихард сәтті сейв жасағаннан кейін допты ойынға сәтсіз енгізді. Қарсылас допты қағып алып, бірнеше бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Солардың бірінде төреші павлодарлықтардың ереже бұзғанын анықтап, пенальти белгіледі.
Лиридон Латифи он бір метрлік айып добын сенімді орындап, есепті 2:0-ге жеткізді. Ол бүкіл матч бойы «Ертістің» қорғанысын әбігерге салып, павлодарлық қорғаушыларға тыныштық бермеді.
Екінші голдан кейін де «Қызылжар» шабуыл әлеуетін арттыра түсті. Алаңға негізгі шабуылшысы Этьен Бугре шықты. Ол қарсылас қорғанысына елеулі қауіп төндіріп, есепті одан әрі ұлғайтуы мүмкін еді.
Осылайша, «Ертіс» өз алаңында 0:2 есебімен жеңіліп, Қазақстан Премьер-лигасындағы орнын сақтап қалу жолында маңызды ұпайлардан айырылды.
Павлодарлықтар келесі кездесуін тағы да өз алаңында өткізеді. 14 қазанда олардың қарсыласы — елордалық «Астана».