Қорқыттан Пьяццоллаға дейін: Павлодарда қобыз концерті өтеді

Қорқыттан Пьяццоллаға дейін: Павлодарда қобыз концерті өтеді
Фото: Филармониядан

20 қарашада Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында «Ғасырлармен үндескен қобыз өнері» атты концерт өтеді. Кеште көне аспаптың үні қазақтың дәстүрлі күйлерімен қатар, әлемдік классика және заманауи музыка туындыларымен үндеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Концерт филармонияның 85-ші мерейтойлық маусымы аясында ұйымдастырылады. Бағдарлама екі бөлімнен тұрады.

Алғашқы бөлімде қазақтың ұлттық музыкалық мұрасы ұсынылады. Көрермендер Қорқыттың «Қоңыр», Құрманғазының «Төремұрат», Ермұрат Үсеновтің «Тәттімбеттің толғауы», Ахмет Жұбановтың «Жез киік» шығармаларын және «Әгугәй» халық әнін тыңдай алады.

Ал екінші бөлімде қобыздың орындау мүмкіндігі әлемдік және заманауи музыка арқылы таныстырылады. Сахнада Эннио Морриконе, Ришар Гальяно, Нұрғиса Тілендиев, Евгений Брусиловский мен Астор Пьяццолланың туындылары орындалады. Бағдарламаға «Cinema Paradiso» фильмінің әуені, «Tango pour Claude», «Құттықтаймын, мама!», «Алтынай» шығармалары және «Escualo» тангосы енген.

Кештің қорытындысында Рүстембек Омаров атындағы оркестр толық құрамда Арман Жайымның «Фантазия» шығармасын орындайды.

Концертке халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары Раушан Нағышпаева, Айгерім Аяпова, Қорлығайын Бақытжанова, Әдия Сейсембаева және Даниил Петерс қатысады. Сонымен қатар Павлодар музыкалық колледжінің жас қобызшылары да өнер көрсетеді. Бұл «Самға» шығармашылық бастамасы аясында тәжірибелі музыканттар мен жас орындаушылардың басын қосатын кеш болмақ.

Айта кетелік, «Ғасырлармен үндескен қобыз өнері» атты концерт 20 қараша күні сағат 19:00-де Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының концерт залында өтеді.