Үрей мен қысым: Павлодарлықтарға «Сталкинг» туралы жаңа заң қалай әсер етеді?

Заңнама 15 қыркүйекте күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпованың сөзінше, сталкинг – бұл адамды заңсыз қудалау, оның еркіне қарсы қадағалау әрекеттері.
– Интернетте хат алмасу арқылы мәжбүрлі қарым-қатынасқа итермелеу де сталкингке жатады. Негізінен бұл студенттер мен кәмелет жасқа толмағандар арасында жиі кездеседі. Бірақ, жыл басынан бері өңірде мұндай жағдай тіркелмеді, – деді Индира Жүсіпова.
Азаматтарға қудалау қаупі төнген кезде, психологиялық қысым көрсетілгенде немесе жүріп-тұруына кедергі келтірілгенде міндетті түрде полицияға дәлелдерді келтіру арқылы жүгіну керек.
– Кез келген қылмыстық іс үшін айғақтар керек. Тұрғындар скриншот, аудио немесе видеожазбаларды дәлел ретінде құқық органдарына ұсынып, арыз жазуы шарт. Бір рет жасалған әрекеттер сталкинг ретінде қарастырылмайды, – деді тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы.
Жаңа заң бойынша айыпталушыларға 200 АЕК көлемінде айыппұл, 200 сағаттық қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қарастырылған.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі