«Үздік мектеп - 2026»: Майқайың мектебі 68 миллион теңге ұтып алды
Қаржы білім ошағының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға жұмсалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі алғаш рет Павлодар облысының тамыз кеңесіне арнайы қатысып, өңір педагогтерімен бірге білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтерге құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсімінде бірқатар ұстаздарға мемлекеттік, ведомстволық және облыстық наградалар табысталды.
«Құрмет» орденімен Павлодар қаласындағы М. Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Альмира Камзина және «Жас дарын» лицейінің математика пәнінің мұғалімі Гүлназ Қожагелдинова марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі Павлодар қаласы, Шарбақты және Баянауыл аудандарының ұстаздарына табысталды. Аққулы ауданының білім бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов және «Ертіс дарыны» қосымша білім берудің өңірлік оқу-әдістемелік орталығының басшысы Азамат Шаймұрат «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар ұстаздарға ведомстволық және облыстық наградалар табысталды.

«Үздік орта білім беру ұйымы – 2026» облыстық конкурсының қорытындысы бойынша Баянауыл ауданындағы М. Әуезов атындағы мектеп үздік орта білім беру ұйымы деп танылып, 68 миллион теңге жеңіп алды.
Майқайың кентіндегі 420 орындық бұл мектепте бүгінде 602 оқушы білім алып, 76 педагог еңбек етеді.
М. Әуезов атындағы мектептің директоры Самал Мәжитованың айтуынша, білім ордасында дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған «Олимпиадалық резерв мектебі» жобасы бесінші жыл қатарынан жүзеге асуда. Биыл оның нәтижесі жоғары болды: мектеп оқушысы Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиадада алтын медаль иеленді. Бұл оқушы үш жыл қатарынан облыстық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанып келеді. Сонымен қатар, оқушылар биология, қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндерінен де облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болды.
Мектептегі тағы бір маңызды жоба – «Педагогикалық сынып». Жоба 2021 жылдан бері жұмыс істейді және Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетпен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бүгінде жобаға 59 оқушы қатысып отыр.
– Оқушылар мектепте білім алып қана қоймай, университет оқытушыларынан дәріс алады. Жобаның басты мақсаты – ауыл мектептеріне қажетті педагог кадрларды өз ішінен даярлау. Бұл бағыттағы жұмыс алғашқы нәтижесін де берді. Биыл жобаның алғашқы түлектері біздің мектепке оралып, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ете бастады. Осылайша ауылдағы педагог тапшылығын өз түлектеріміз арқылы шешуге мүмкіндік ашылып отыр, – дейді Самал Мәжитова.
Педагогикалық сынып түлектерінің білім алу географиясы да кеңейіп келеді. Олар Павлодардағы Әлкей Марғұлан атындағы университетпен қатар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және Қазақстан-Британ техникалық университетінде білім алып жатыр. Биыл жобаға қатысқан бір түлек Италияның Сиена қаласындағы университетке оқуға түскен.
Мектепке берілетін грант қаражаты білім ошағының материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталмақ. Атап айтқанда, мектеп жиһаздарын жаңарту, интерактивті тақталар мен заманауи цифрлық құралдар орнату, ескірген компьютерлерді ауыстыру және пән кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған.
Мектеп директорының айтуынша, басты мақсат – оқушылар мен педагогтерге қолайлы жағдай жасау.
Бұдан бөлек, «Үздік орта білім беру ұйымы» номинациясы бойынша облыс әкімінің грантын Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы мектеп иеленді.

«Үздік мектепке дейінгі білім беру ұйымы» номинациясында Екібастұз қаласының №21 ресурстық орталығы, «Үздік балалар-жасөспірімдер орталығы» номинациясында Ақсу қаласының балалар шығармашылығы үйі, ал «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясында Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжі жеңімпаз атанды.

Пленарлық сессия барысында ауыл мектептерінің озық тәжірибелері, өнеркәсіп саласына қажетті кадрларды даярлау мәселелері және жастардың цифрлық трансформациядағы рөлі де таныстырылды.
