«Әділет» партиясының кандидаттары Павлодарды дамыту мәселелерін талқылады

«Әділет» партиясының кандидаттары Павлодарды дамыту мәселелерін талқылады
Фото: «Әділет» партиясынан

Павлодарда «Әділет» партиясынан облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардың академиялық қоғамдастық өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Кездесу барысында өңірді дамытудың басым бағыттары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының мәселелері, ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту және Қазақстан Президентінің Жолдауындағы негізгі міндеттер талқыланды.

Кездесуде «Әділет» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай сөз сөйлеп, Торайғыров университетінің, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің және Инновациялық Еуразия университетінің өкілдеріне кәсіби кадрлар даярлауға және өңірдің дамуына қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдірді.

Ол өз сөзінде қоғамдық келісім мен мемлекеттік басымдықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды.

– Қазір бөлінетін емес, бірігетін уақыт. Барлық ұлттық идея ортақ мақсат пен біртұтас даму жолына бағытталуы керек. Өйткені бәріміздің Отанымыз бір, еліміз бір, Қазақстанымыз бір, – деп атап өтті Асылбек Туғанбай.

Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауына тоқталған партияның облыстық филиалының төрағасы инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жоспарлары туралы айтты. Атап айтқанда, Ұлттық қордан көлік, әлеуметтік және инженерлік нысандарды салуға және жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Бұл ретте бөлінген қаражаттың ашықтығын және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды міндет болып қала береді.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов елдің экономикалық және инфрақұрылымдық басымдықтарына кеңірек тоқталды. Ол Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін перспективалы бағыттар ретінде атады.

Павлодар облысы үшін Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергоблогын салу және Екібастұз ГРЭС-3 құрылысын дамыту перспективаларын қоса алғанда, энергетикалық жобалардың маңызы ерекше. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар су ресурстарын ұтымды пайдалану қажеттігін талқылады.

Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер бойынша «Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Гүлжанат Джакова сөз сөйледі. Ол Президент Жолдауында көзделген медицинаны дамыту басымдықтары мен өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттер туралы баяндады.

Негізгі бағыттардың қатарында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту, ана мен баланы қорғау, диагностикалық мүмкіндіктерді кеңейту және медицинаға жасанды интеллектіні енгізу мәселелері аталды.

Гүлжанат Джакованың айтуынша, Павлодар облысында жалпы практика дәрігерлерімен қамтамасыз етілу деңгейі шамамен 85 пайызды құрайды. Демек, салада мамандарға деген қажеттілік әлі де бар. Кадр тапшылығын шешу үшін медицина қызметкерлерін даярлау жүйесін жетілдіру, мамандықтың тартымдылығын арттыру және дәрігерлерді ынталандыру тетіктерін қалыптастыру қажет.

– Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту – денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды бағыттардың бірі. Өйткені медициналық көмек көрсетудің бастауы емханадан басталады, – деп атап өтті Гүлжанат Джакова.

Ол өңірде заманауи медициналық жабдықтарды сатып алу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Жасанды интеллект диагностикалау үдерісінде, атап айтқанда компьютерлік және магниттік-резонанстық томография кезінде үшінші жыл қатарынан қолданылып келеді. Мұндай технологиялар патологиялық өзгерістерді дер кезінде анықтауға және диагностика сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында медицина қызметкерлерінің еңбекақысы туралы мәселе де назардан тыс қалмады. Торайғыров университетінің магистранты Никита Поповтың сұрағына жауап берген Гүлжанат Джакова жалпы практика дәрігерлерінің орташа жалақысы салықтар ұсталғаннан кейін 250–300 мың теңгені құрайтынын айтты. Еңбекақы мөлшері еңбек өтілі мен жұмыс жағдайына байланысты. Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлердің жалақысын арттыру жоспарланып отыр.

Ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ирина Назарчук тоқталды. Оның айтуынша, өңірлердегі өмір сапасы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне, инженерлік инфрақұрылымның жағдайына және жұмыспен қамту мүмкіндіктеріне тікелей байланысты.

Оның мәліметінше, Павлодар облысында мектептерді жөндеу мен жаңғыртуға жыл сайын облыстық бюджеттен шамамен 7–8 млрд теңге бөлінеді. Соңғы екі жылда өңірде 36 медициналық нысан – фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынған.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта үш аудан орталығында бассейндер салынған. Тағы бірнеше елді мекенде осындай нысандарды салу үшін жобалық құжаттама әзірленуде. Бұдан бөлек, биыл және келесі жылы он дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен клуб мекемесінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Ирина Назарчук ауылдық жерлерде жұмыс істеуге дайын мамандарды қолдау мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, ол тұрғын үй сатып алуға арналған көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген несие беруді көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын еске салды. Бүгінде бағдарлама педагогтер мен медицина қызметкерлерінен бөлек, ветеринария, орман шаруашылығы және архив салаларын қоса алғанда, басқа да сұранысқа ие мамандық иелерін қамтиды.

– Мемлекет ауылдық жерлерде өмір сүру мен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауға қаражат салып отыр. Бұл – адами капиталды дамытуға бағытталған инвестиция, – деп атап өтті Ирина Назарчук.

Оның пікірінше, ауылдық аумақтарды дамыту кешенді тәсілді талап етеді. Мемлекет қажетті инфрақұрылымды қалыптастырса, шағын және орта бизнес тұрғындарды күнделікті қажетті қызметтермен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосуы тиіс.

Кездесу барысында академиялық қоғамдастық өкілдері кандидаттарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы, саладағы кадрлық қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында қатысушылар 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауын талқылады. Партия өкілдері кандидаттар туралы ақпарат беріп, азаматтардың қоғамдық кеңестер мен салалық комиссиялардың жұмысына қатысу мүмкіндіктерін таныстырды.

Тапсырыс беруші: Дычко Н.В. Павлодар облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

Серіктестік материалы