Әулетімен оқығандар да бар: Павлодарлық мектепке 50 жыл толды

Әулетімен оқығандар да бар: Павлодарлық мектепке 50 жыл толды
Фото: Білім бөлімі

№ 43 жалпы орта мектебіне ширек ғасыр толуына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты іс-шараға әртүрлі жастағы екі жүзден астам түлек жиналды. Олардың арасында жақын және алыс шет елдерден келгендер де болды. 

– Мектебіміздің өз ерекшелігі бар, бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Біздің түлектер көптеген жылдар өтсе де, мектебімізге оралады. Біреулері мұғалім ретінде біздің педагогикалық қатарымызды толықтырса, кейбірі ата-ана ретінде балаларын, тіпті, немерелерін де әкеледі. Біз олармен үнемі  байланыста боламыз. Тіпті, бүкіл әулетімен оқығандар да бар, – деді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бибігүл Шәкенова. 

Кештің мерекелік бағдарламасында «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымы, «Реванш», «Royallkids» вокалдық топтары мен мектептің бишілері өнер көрсетті.  

Кештің салтанатты бөлімінде 22 педагогикалық еңбек ардагері мен мектеп ұстазы көп жылдық шығармашылық еңбегі үшін облыстық білім беру басқармасының, қалалық білім беру бөлімінің грамоталарымен, облыстық және қалалық кәсіподақ ұйымдарының білім қызметкерлерінің грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

– № 188, 180, 108 теміржол мектебінің ұстаздары салған құнды  және адамгершілік дәстүрлерді бүгінгі мектептің педагогикалық ұжымы жалғастыруда, – дейді мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары Мария Копнышева. 

Бүгінгі таңда мектеп жаңа заман талаптарына сәйкес 1190 оқушыға сапалы білім беру және тәрбиелеу үшін қажетті оқу-материалдық базаға ие. Мектеп оқушыларының облыстық және қалалалық «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурстарында, республикалық ғылыми жобаларды қорғау конкурсында жетістіктерімен мақтанады. Мәселен, 10-сынып оқушысы Анастасия Тимофеева мен 5-сынып оқушысы Полина Реснянская облыс әкімінің «Тәулсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталды. Соңғы екі жылда жеті түлек мектепті «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестатпен бітірді.