«Өнер додасы»: Успен ауданының өнерпаздарына 1 млн теңге табысталды
Аққулы ауданы қарсыластарынан бір-ақ ұпайға ұтылып қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnewz.kz тілшісі.
Дүбірлі дода облыстағы барша өнерлі ұжымдардың арасында ұйымдастырылды. Бастапқыда 14 ұжымның ішінен іріктеуден өткен Аққулы мен Успен аудандары ақтық мәреде кездесті.
Сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 4:3 есебімен Успен ауданының ұжымы жеңіс тұғырынан көрінді.
– Байқау барысында жеті жанр бойынша сынға түстік. Еңбек пен ізденістің, жаңашылдықтың арқасында финалға жетіп жатқан жайымыз бар. Өте жақсы дайындықпен келдік деп есептеймін. Бұған дейінгі сайыстарда ұлттық аспаптың түр-түрін шығардық. Осы жол біздің таңдау сыбызғыға түсті, – дейді Успен аудандық мәдениет үйінің директоры Перизат Құрманәліқызы.
Успен ауданы ұжымының құрамында республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы мен жүлдегері Бөкен Жігер де өнер көрсетті.
Айта кетерлігі, байқау барысында қарбыз өлкесінен келген өнерпаздардың сахна төріне сән-салтанатпен шығуы көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Түр-тұлғасы келіскен батырлар жеті қазынаға айналған тазы мен қанатын қомдаған бүркітті алып шықты. Тіпті, көне адырна аспабында ойнады, өздерінің авторлық әндерін орындады. Алайда басымдылық көрсетіп, жеңімпаз атанған успендіктерге 1 млн теңге табысталды.