Павлодар облысында дәстүрлі қарбыз фестивалі өтеді
Шара аясында бес киіз үйден тұратын этноауыл бой көтереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарқын жазғы мереке 7 тамыз күні сағат 11:00-де Аққулы ауданының Шарбақты ауылында өтеді. Фестивальге шаруа қожалықтары мен бақша өнімдерін өсірушілер қатысып, өздері өсірген өнімдерін көпшілік назарына ұсынады.
Ұйымдастырушылар тақырыптық алаңдарға ерекше көңіл бөлген. Барлығы 10 алаң әзірленеді. Әрқайсысын ауылдық округ әкімдері өз командаларымен бірге безендіріп, елді мекендерін таныстырады. Сонымен қатар, қатысушылар қарбыздан көркем ою жасау – карвинг өнерін көрсетеді.
Фестиваль қонақтарына мазмұнды ойын-сауық бағдарламасы ұсынылады. Этноауылда ұлттық салт-дәстүр таныстырылып, мерекелік дастарқан жайылады. Қатысушыларды қарбыз тақырыбындағы ерекше сайыстар мен эстафеталар күтеді. Атап айтқанда, қарбыз дойбысы, қарбызды жылдам тасу, кесу және жеу жарыстары, сондай-ақ сайыстан кейін орынды ең жылдам жинау байқауы ұйымдастырылады.
Спорт сүйер қауым дәстүрлі садақ атудан, қол күрестен және ұлттық арқан тарту ойынынан бақ сынай алады.
Ресми бөлімнен кейін көрермендер шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін мерекелік концертті тамашалайды.
Бағдарламаның жарқын қорытындысы ретінде жыл сайынғы дефиле байқауы өтеді. Онда қатысушылар қарбыз тақырыбында әзірленген ерекше киім үлгілері мен сәнді образдарын көпшілікке ұсынады.