Өскемен тұрғыны Павлодарда дертіне дауа тапты

Өскемен тұрғыны Павлодарда дертіне дауа тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында тегін жасалды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ӘМСҚ Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, отаның құны үш миллион теңгеден асады.

Михаил Гончаренко 56 жаста, Өскемен қаласының тұрғыны. 12 жыл бойы гипертониялық аурумен диспансерлік есепте тұр. Өскемендік дәрігерлердің емі көмектеспегендіктен, Павлодар облыстық кардиологиялық орталыққа жүгінді. Ер адамға осыдан бір апта бұрын ота жасалып, бірнеше сырқаттың алды алынды.

Алдымен бірінші қалалық ауруханада жеке кардиологқа бардық. Ол жерде мында жіберді. Сараптамалардан өттім. Жоспарлы түрде ота жасалды. 10 күн болып қалды. Аурухана өте жақсы, дәрігерлердің қарым-қатынасы керемет. Барлығына алғыс айтамын. Енді Павлодарда оңалтудан өтемін, – дейді Михаил Гончаренко.

Пациенттің бастапқыда кеуде тұсы ауырсынған. Емдеуші дәрігер алдымен диагностикалық түрде коронографияға жіберіп,  коронарлық артерияның зақымданғаны анықталған.

Науқасқа жоспарлы түрде оперативті емдеу ұсынылды. Жүрегіне ультрадыбыстық зерттеу жасау кезінде қақпақшалардың зақымданғаны анықталды. Алдын ала протездердің түрлері ұсынылды. Олардың плюстары мен минустары айтылды. Науқас биологиялық протезді таңдады. Операция кезінде аорталды қақпақша протезделді, коронарлық артерияларға шунт қойылды, –  дейді облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирург дәрігері Александр Родионов.

Жетінші күні науқастың бақылау сараптамалары анықталды. Ер адамның жағдайы жақсы болғандықтан, үйіне жіберілді.