Павлодар облысында өнеркәсіптік кәсіпорында кәсіби аурудың бірнеше жағдайы тіркелді
Бұл аурулар жұмыскерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтуына әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, аймақта ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіптік кәсіпорында кәсіби аурудың 2 жағдайы тіркелсе, кәсіби улану тіркелмеген.
- Кәсіби аурулар – жұмыскерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігін уақытша немесе тұрақты жоғалтуға әкеп соққан зиянды өндірістік фактордың әсерінен туындаған жіті немесе созылмалы аурулар болып табылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 86-бабына сәйкес аурулардың, оның ішінде кәсіптік уланулардың таралуын анықтауға және алдын алуға бағытталған уақтылы медициналық тексеруді қамтамасыз ету үшін медициналық тексеру жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, жіті кәсіби аурудың немесе уланудың алдын ала диагнозын амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмек көрсететін ұйым белгілейді.
- Кәсіби аурулар мен уланулардың, оның ішінде кәсіптік ауруларға күдік пен уланудың барлық жағдайлары тіркеуге, тексеруге және есепке алуға жатады. Жұмыс беруші кәсіби ауруды немесе улануды ұйымдастыруға және тексеруге жауапты. Жұмыс беруші комиссия құрамында кәсіптік ауруларға немесе улануларға тергеу жүргізу үшін лауазымды адамдарға кедергісіз жол береді, - деп қосты департаменттегілер.
Тексеру процесінде мән-жайлар мен туындау себептері анықталады, ал сараптамалық қорытындыны талап ететін мәселелерді шешу үшін тексеруге кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының немесе ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары тартылады.
Тексеру кезінде кәсіби ауруды тудырған зиянды өндірістік факторлармен байланысы жоқ адамдарда, оның ішінде жұмыс істемейтіндерде кәсіптік аурудың немесе уланудың мән-жайлары мен себептерін тексеру бұрынғы жұмыс орны бойынша жүргізіледі.
Кәсіби аурулар мен уланудың барлық жағдайлары кәсіптік патология және сараптама саласындағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында есепке алынуға жатады.