Өз ісінің шебері: Павлодар алюминий зауытының маманы игі дәстүрді жалғастырды
@Pavlodarnews.kz агенттігінің тілшісі өндірістегі нәзік жандылардың еңбегі төзімділік пен кәсібиліктің белгісі екеніне көз жеткізді.
Павлодар алюминий зауытында мамандығына адал, кәсіби азаматтар көп. Олар мұны күнделікті істерімен-ақ дәлелдеп келеді.
Осындай жандардың қатарында Павлодар алюминий зауытының жүк және багажды қабылдап-тапсырушысы Мадина Муберекова да бар.

Отбасылық дәстүр мен зауытқа оралу
Мадина Муберекова Павлодар қаласында туып-өсті. Зауыттағы жұмысқа деген қызығушылық бала кезінде басталған.
– Алюминий зауытында алғашқы болып еңбек жолын әжем бастады, – дейді Мадина. – Ол өндіріске 30 жылын арнады. Кейін оның ізін анам, ағам, інім, тәтем басып, отбасылық дәстүрді жалғастырды.
Мадина алюминий зауытына алғаш рет 2011 жылы келді. Еңбек жолын үшінші гидрометаллургиялық цехта бастап, екі жыл қатарынан аппаратшы-гидрометаллург болып еңбек етті. Кейін әжесінің кеңесі бойынша теміржол саласына, жүк және багажды қабылдап-тапсырушы мамандығына ауысты.
– Теміржолда мен төрт жыл жұмыс істедім, – деп еске алады ол. – Бірақ әрдайым алюминий зауытына оралғым келді. Тіпті жанынан өтіп бара жатқанда да, осында қайта келетінімді сезінгендей болатынмын.
Күндердің күнінде Мадина зауыттың кадрлар бөліміне келіп, түйіндемесін қалдырды. Жауап көп күттірмеді. Кейін оған теміржол цехына әңгімелесуден өтуге шақырту келіп, осы қызметке үміткерлердің қатарынан табылды.
– Маған бұл жердің атмосферасы бірден ұнады, – дейді ол. – Жұмыстың нақты ұйымдастырылуы, маңыздылығы, ұйымшыл ұжым көңіліме жақын болды. Осылайша, зауыттағы еңбек жолым басталып кетті.

Жауапкершілігі мол мамандық
Мадина үшін жүк және багаж қабылдап-тапсырушы мамандығы бастапқыда жат болғанмен, кейін жанына жақын іс болып шықты.
– Мен әрдайым құжаттармен жұмыс істегім келетін. Өзім ұқыпты әрі жауапты адаммын, – дейді Мадина. – Маған бәрі рет–ретімен, әр бөлшектің өз орнында тұрғаны маңызды.
Қабылдап-тапсырушының жұмысы дәлдік, мұқияттылық, тәртіпке негізделген. Мұнда ұсақ-түйек деген болмайды. Жүктің дұрыс рәсімделуі бүкіл өндірістік тізбектің ырғағына әсер етеді.
– Ең бастысы – тәртіп, – дейді ол. – Мен әрдайым жұмысыма жақсы көңіл-күймен келуге тырысамын. Әріптестердің қолдауы да көмектеседі. Менің мұқияттылығым – жай ғана іс емес, бүкіл ауысымның қауіпсіздігі мен жұмыстың нәтижелі болуының кепілі.
Жақында Мадина аға қабылдап-тапсырушы атанды.
– Қазіргі уақытта ауысымның жұмысына жауаптымын. Цехқа келген жас мамандарға қабылдап-тапсырушы мамандығы үшін тәртіптің маңызды екенін түсіндіріп, үлгі болуға тырысамын, – дейді ол. – Сонымен қатар, тәжірибеммен бөлісемін.

Ауысымдағы сынақ пен мақтаныш
Мадинаның кәсіби өміріндегі ең есте қалған сәттердің бірі аға қабылдап-тапсырушы ретінде алғашқы жұмыс күнімен байланысты.
– Бұл өте қиын ауысым болды, – деп еске алады ол. – Біз күндіз жұмыс істедік. Жүктемені шұғыл қабылдап, өндірісті кідіртіп алмау үшін бәрін тез рәсімдеу керек болды. Біздің ауысым біртұтас механизм сияқты жұмыс істейді. Әріптестерім мені тыңдап, тапсырмаларды нақты орындайды. Өз жұмысыңа деген мақтаныш осындай сәттерде ерекше сезіледі.
Мадина жұмыс істейтін теміржол цехының ұжымын «әйелдер батальоны» деп атайды.
– Біздің құрам кәсіби мамандардан құралған, – дейді ол. – Оған қоса барлығы бір-біріне жанашыр, мұқият, әрдайым көмектесуге дайын тұрады.
2018 жылы Мадина кіші қабылдап-тапсырушы болып жұмысқа келгенде, оның тәлімгері Ольга Александровна Лукошина еді. Ол да жүк және багаж бойынша аға қабылдап-тапсырушы болып жұмыс істеді. Мадина оны үнемі ыстық ықыласпен «мама Оля» деп атайды.
– Ольга Александровна өндірістік үрдісті қалай дұрыс ұйымдастыру керектігін, теміржол цехының қалай жұмыс істейтінін сабырмен түсіндіріп берді, – деп еске алады Мадина. – Өйткені біз шикізатты қабылдап, дайын глинозёмді жөнелтеміз. Мама Оля ешқашан қатты сөйлемейтін, әр шәкіртіне деген ықыласы ерекше. Осындай адамдардың арқасында ортаға тез сіңісіп, ұжымның бір бөлшегі екеніңді сезінесің.

Қуаныш пен идеяға сенім
Түнгі ауысымда жұмыс істеу, әсіресе әйелдер үшін ерекше төзімділікті талап етеді.
– Иә, түнгі ауысымдар – бұл сынақ, – дейді Мадина. – Бірақ уақыт өте келе үйреніп кетесің. Ең бастысы – күндіз жақсылап ұйықтап алу және түнгі ауысым алдында демалуға уақыт табу. Үйдегі жылы атмосфера, отбасының қолдауы көмектеседі. Ал жұмыста әріптестер бар.
Әр ауысымдағы еңбек Мадина мен әріптестерінің бойында мақтаныш сезімін ұялатады.
– Біздің қолымыздан үлкен өндірістік үрдістің бір бөлігі өтетінін көріп, ұйымшылдықтың арқасында зауыттың үйлесімді жұмыс істейтініне үлес қосатынымызды сезінемін, – дейді ол. –Еңбегің бағаланып, жақсы нәтиже көрсетіп жатқаныңды білсең, жұмысқа бара бергің келеді.
Идеялар жүзеге асады
Мадина «Идеялар фабрикасы» атты зауыттық бастамаға белсенді қатысады. Бұл қызметкерлерге кәсіпорынның жұмысын жақсарту үшін ұсыныстар айтуға мүмкіндік береді.
– Идеялар фабрикасы – өзіңді көрсетуге тамаша мүмкіндік, – деп есептейді ол. – Мен, әсіресе, құжат айналымын және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша пайдалы ұсыныс айтуға тырысамын.
Біз әріптестерімізбен бірге бірнеше идея ұсындық. Оларды байқап, жүзеге асырғаны қуантады. Сондықтан идея ұсынудан қорықпау керек. Ол пайдалы болса, міндетті түрде іске асады.
Мадина жастарды заманауи өндірісті игеріп, технологиялық жетістіктерді батыл қабылдауға шақырады.
Мадина Муберекованың жолы – мамандыққа деген адалдық, еңбекке деген құрмет және өз мамандығына деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Бұл ортақ істе отбасылық дәстүрдің жылуы, мінездің беріктігі және әр қызметкердің үлесі үлкен жетістікке апаратынына сенім бар.
Серіктестік материал