«109» орталығы: Павлодар облысы тұрғындарының өтініштері тәулік бойы бақылауда
Орталық 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бүгінгі таңда қысқа «109» нөмірі арқылы қоңырау шалу облыстың барлық аумағында қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық жетекшісі Абзал Қабдраштың айтуынша, «109» қызметінің жұмысын одан әрі дамыту мақсатында басқа өңірлердегі орталықтармен тәжірибе алмасу жүргізілген. Нәтижесінде операторлар залы екі бөлікке бөлініп, бірқатар жаңашылдықтар енгізілген. Барлық жауапты және қажетті қызметтер шоғырланған жаңа ғимаратқа көшкен, бұл жұмыс процесінде өз тиімділігін көрсетуде.
– 2025 жылдың он айында орталық операторлары 89 мыңға жуық өтініш қабылдады, оның 95 пайызы орындалды. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шағымдар шамамен үш пайызға азайды. Ең көп өтініш маусым айында тіркелді – 13 мыңға жуық өтініш, ең аз өтініш ақпан айында болған – бес мыңнан астам өтініш, – деді Абзал Қабдраш.
Өтініштердің басым бөлігі облыс орталығы тұрғындарынан түседі. Ең аз өтініш Аққулы ауданынан тіркелген.
Әлеуметтік желілер арқылы тіркелген өтініштердің саны артып келеді, алайда ең көп өтініш телефон қоңыраулары арқылы қабылданады. 2024 жылы өтініштердің 87 пайызы қысқа «109» нөмірі арқылы қабылданған.
– Қабылданған өтініштердің көш басында коммуналдық мәселелерге қатысты сұрақтар қалып отыр. Одан кейін кеңес беру сипатындағы және денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштер орын алады. Қатты тұрмыстық қалдықтар, санитарлық тазалау, жол инфраструктурасы, көше жарығы да жиі келіп түсетін сұрақтар тізіміне жатады, – деді орталық жетекшісі.
Орталық операторлары электр және су желілеріндегі жоспарлы және апаттық ажыратулар бойынша өңірдің барлық коммуналдық қызметтерімен күн сайын ақпарат алмасады.
Облыстық «109» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерін жылдам қабылдап, мәселелерді уақытылы шешу арқылы өңірдегі коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.