19 жыл халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер Павлодар полициясының қолына түсті

19 жыл халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер Павлодар полициясының қолына түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде қылмыс жасаған және ел аумағынан тыс жерлерде жасырынып жүрген адамдарды анықтау мақсатында «Іздеу» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейд нәтижесінде 17 қылмыскер ұсталды.

– Жедел уәкілдер Новосібір облысының Искитим қаласында 19 жыл бойы іздеуде жүрген ер адамды анықтады. Ол Павлодарда қарақшылық шабуыл жасаған. Қазіргі уақытта күдікті Новосібір қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыр, – деді департаментте. 

Сондай-ақ, Павлодарда Саха Республикасы аумағында ауыр қылмыс жасап, халықаралық іздеуде жүрген 38 жастағы ер адам ұсталды.

– Екібастұзда көрші елдің Омбы облысында қылмыс жасаған күдікті қолға түсті. Барлық ұсталған азаматтар туралы іздеу бастамашыларына хабарланды, – деді тәртіп сақшылары. 

Сонымен қатар, іс-шара барысында туыстарына ескертпей үйден кетіп қалған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Анасының өтініші бойынша іздестіру жарияланған бала өз еркімен Астана қаласына кеткені белгілі болды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысы бойынша іздеуге жарияланған 71 қылмыскердің 59-ының жүрген жері анықталды, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 31 адамның 25-і табылған.