2025-2026 оқу жылының басталуы мен каникул мерзімдері жарияланды

Министрлік мәліметінше, келесі оқу жылы 2025 жылдың 2 қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың 25 мамырында аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылғы 28 шілдеде ҚР Оқу-ағарту министрлігі алдағы жаңа оқу жылына қатысты ресми ақпарат таратты. Орта білім беру ұйымдары үшін 2025–2026 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, сондай-ақ тоқсандардың ұзақтығы мен демалыс кезеңдері бекітілді.
Білім күніне арналған салтанатты жиынның нақты күні мен уақыты әр мектептің педагогикалық кеңесімен жеке шешіледі.
Оқу жылының құрылымы мынадай болады:
Бірінші тоқсан – сегіз оқу аптасына созылады. Күзгі каникул: 2025 жылғы 27 қазаннан басталып, 2 қарашаны қоса алғанда жеті күнге жалғасады.
Екінші тоқсан – сегіз оқу аптасы. Қысқы каникул: 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін, яғни 10 күнге созылады.
Бірінші сынып оқушыларына арналған қосымша демалыс кезеңі де сақталып отыр. Бұл демалыс 2026 жылғы 9 ақпаннан 15 ақпанды қоса алғандағы жеті күнді қамтиды.
Үшінші тоқсан – 10 оқу аптасынан тұрады. Көктемгі каникул: 2026 жылғы 19 наурызда басталып, 29 наурызды қоса алғанда 11 күнге созылады.
Төртінші тоқсанның ұзақтығы – сегіз оқу аптасы. Оқу жылы 2026 жылдың 25 мамырында ресми түрде аяқталады.
Министрлік бекіткен бұл оқу кестесі барлық жалпы білім беру мектептеріне ортақ болып табылады.