Қамшы өру, «Сырмақ time», айтыс: Павлодар облысында Наурыз қалай өтеді?

Қамшы  өру, «Сырмақ time»,  айтыс: Павлодар облысында Наурыз қалай өтеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде Ұлыстың ұлы күні ауқымды түрде аталып өтеді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті. 

Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биылғы жылы Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында 14-23 наурыз аралығында ұйымдастырылып, өткізіледі. Жалпы, өңірде 2000-ға жуық ірі іс-шара өткізу жоспарланған.  

– Жылдағыдай 21 наурызда елді мекендер мен ауылдарда Наурыз мерекесін тойлауды ұсынып отырмыз. 22-сі күні аудан орталықтарында, қалаларда және облыс орталықтарында тойланса деген ұсыныс бар. Биылғы жылдың ерекшелігі – қалалар мен аудан орталықтарында 170-тен астам киіз үй тігіледі. Павлодар қаласында 21 жерде 31 киіз үй орнатылады. Наурызнаманы 13 наурызда тойлап кетуді бастаймыз, – деді Медет Тауасқан. 

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде әнші, ақын Жаяу Мұсаның 190 жылдығына орай «Жігіттер, шамаң келсе маған ұқса» тақырыбында жас ақындар арасында айтыс өтеді. Жас ұрпаққа қолөнерді үйрету және қызығушылықты арттыру, қолдау және шығармашылығын дамыту мақсатында «Ертіс» музейінде «Сырмақ time»  облыстық сырмақ сыру  байқауы ұйымдастырылады.

19 наурыз күні Ертіс музейінде «Ең әдемі киім – ұлттық киім» облыстық байқауы жоспарланған. Аталмыш байқаудың жеңімпаздары 22 наурыз күні Павлодар қаласының бас сахнасында марапатталады.

Мектеп оқушылары арасында ұмыт қалған қамшы өру дәстүрі жаңғыртылып, «Дарабоз» байқауы өтеді. 

– Тағы бір ерекшелік  – 22 наурыз облыс орталығынды өтетін іс-шаралар биыл күндізгі он бір мен екіге жоспарланып, кешкі сағат 18.00-де жалғасады, 20.00-де қорытындыланады, – деді Медет Тауасқан. 

Іс-шараның жүргізушілері – Бексұлтан Әкімжан және Гүлнұр Оразымбетова.  Арнайы шақырылған қонақтар – Мархаба Сәби мен «Әгугай» ансамблі. Сондай-ақ TURAR мен Мәдина Садуақасованың қатысуы күтілуде.  

Екібастұз қаласында өтетін мерекелік концерттің хедлайнері – Қуандық Рахым және Алтынай Жорабаева. Ақсу қаласының арнайы шақырылған қонағы – «Алатау серілері» тобы.

Сонымен қатар, бұл күндері облыс орталығында коммерциялық жобалар мен спектакльдер ұсынылады:

14 наурыз күні Естай атындағы мәдениет сарайында MEZZO тобының  концерті өтеді. 

17-18 наурыз күндері Естай атындағы мәдениет сарайында «Астана Балеті» Бизе-Щедриннің «КАРМЕН - СЮИТА» балетін көрсетеді.

19 наурыз күні сағат 19.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында жерлесіміз Мария Мудряктың симфониялық оркестрмен концерті өтеді. 

23 наурызда қос театрда үлкен қойылымдар өтеді.   

21-23 наурыз күндері кітапханаларда, музейлер мен театрларда өтетін іс-шараларға кіру тегін. 

– Мәдени шаралар тек қалаларда ғана емес, аудандарда да өтуі тиіс. Сондықтан бектіліген жоспарға сәйкес жұмыс атқарыңыздар, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, Павлодарда 50 жылдан аса отасқан берекелі отбасылардың челленджі өтеді. Оған 25 жылдан аса отасқан шаңырақтар да қатыса алады.