Аққулы ауданының ауылдарында балалар алаңдары орнатылды
Аққулы ауданының ауылдарында бұрын-соңды балалар алаңы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аққулы ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың сөзінше, алдағы уақытта елдімекендерде біртіндеп бюджетте қаржы қарастырылып, балалар алаңын орнату жоспарда бар.
– Әр балалар алаңын орнатуға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде Қазы, Шабар ауылдарында ойын алаңы орнатылған. Сондай-ақ, спортпен шұғылданатын құралдар қойылды. Жалпы аудан орталығында 3016 тұрғын бар. Оның 855-і бала, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Оның айтуынша, Мерғалым, Баймолдин, Тілектес, Қызылқоғам, Жамбыл ауылдарында және аудан орталығында үш жаңа ойын алаңы орнатылады.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жамбыл ауылында мәдениет үйі, мектепте түбегейлі жөндеу жүргізілуде. Білім ордасы 2017 жылы кішігірім жөндеу жұмыстарынан өткізілген, шатыры жөнделіп, бірқатар әйнектері ауыстырылған. 138 шәкірт білім алуда.
– Мұндағы мәдениет үйі осыған дейін мүлдем жөндеуден өтпеген. Қос нысан ғимаратының ішкі және сыртқы қасбеті, әйнектері, қабырға, шатыры, электр және жылу жүйесі жөнделуде. Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Айта кетерлігі, Жамбыл ауылдық округінде 1200 тұрғын болса, оның 600-ден астамы Жамбыл ауылында тұрады.