Ақыл-ой бәсекесі Павлодарда: Сенат кубогы жүздеген шахматшыны біріктірді

Ақыл-ой бәсекесі Павлодарда: Сенат кубогы жүздеген шахматшыны біріктірді
Фото: автор

Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілері мен ұлттық компания қызметкерлері арасында жылдам шахматтан өңірлік чемпионаты – Сенат кубогы 2026 турнирінің 1/8 финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жарыс Павлодар қаласындағы Шахмат үйінде ұйымдастырылды.

Senat Open – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) қолдауымен өткізілетін республикалық деңгейдегі турнир. Аталған жарыстың басты мақсаты – өңір тұрғындары арасында шахматты кеңінен насихаттау, азаматтарды зияткерлік спорт түрлеріне тарту, өңірлер мен қоғамдық институттар арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ Сенат кубогы – 2026 турнирінің 1/4 финалына жолдама алатын мықты ойыншыларды анықтау. 

Турнир швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур форматында өтті. Жарыс жылдам шахмат ережесімен ұйымдастырылып, әр ойыншыға 10 минут уақыт, әрбір жүріске бес секунд қосу қарастырылды.

Жарыстың бас төрешісі Шәріп Қашкеновтың айтуынша, бұл кезеңде қатысушылар саны айтарлықтай көп болды.

– Бұл кезеңге мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, сондай-ақ білім және ғылым саласының өкілдері қатысты. Барлығы шамамен 140 адам ойнады. Соның ішінде 20-ға жуық ойыншы 1/4 финалға жолдама алады. Кейін 1/2 финал өтеді, ал одан өткен қатысушылар Қостанай қаласында облыс намысын қорғайды. Ал үлкен финал Астана қаласында мамыр-шілде айлары аралығында өтеді, – деді бас төреші.

Жарысқа ерлер мен әйелдер бірге қатысты. Алдымен әйелдер арасынан үш үздік ойыншы іріктеліп, одан кейін қалған қатысушылар жалпы рейтинг бойынша анықталды. Сонымен қатар, іріктеу барысында ұлттық компаниялар мен мемлекеттік қызмет саласынан кемінде бес қатысушының өтуіне басымдық берілді. Қорытындысында бес жүлделі орын белгіленіп, жеңімпаздар ақшалай марапатқа ие болды. Сондай-ақ, бірінші орын алған әйел қатысушыға арнайы ақшалай сыйлық табысталды.

Турнир қатысушыларының бірі – Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Андрей Троян шахматтың маңыздылығына тоқталды.

– Мені осы турнирге шақырды, қуана келістім. Шахматты бала кезімнен, шамамен алты жасымнан бастап ойнаймын. Мұндай турнирлер өз қабілетіңді қайта сынауға үлкен мүмкіндік береді. Онлайн ойнаған жақсы, бірақ қарсыласпен бетпе-бет ойнаудың әсері мүлде бөлек. Бұл ойынды терең сезінуге көмектеседі, – деді ол.

Ал Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Темірлан Утюпов турнирге алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

– Бұл – менің осындай деңгейдегі турнирге алғаш қатысуым. Мектепте және университетте шахмат ойнағанмын, енді өзімді сынап көруге келдім. Негізінен онлайн форматта ойнап жүрдім, ал қазір адамдармен бетпе-бет ойнау — ерекше тәжірибе. Мұндай турнирлер өте қажет, себебі олар тәжірибе жинауға және өз деңгейіңді бағалауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кетейік, Сенат кубогы елімізде шахматты дамытуға, түрлі сала өкілдерін бір алаңға біріктіруге және өңірлер арасындағы интеллектуалдық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды жоба болып табылады.