«Ақсу» «Қайратқа» қарсы қайрат көрсете алмады

«Ақсу» «Қайратқа» қарсы қайрат көрсете алмады

Руслан Костышин шәкірттері бірінші матчтағыдай сылбырлық танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бас бапкер «Тобылға» қарсы ойынмен салыстырғында, команда құрамын біраз жаңартты. Жасыл алаңға Мирас Тұрлыбек, Сұлтан Сағынаев пен Чиди Осучукву бірден шықты. Кездесу басында «Ақсу» шабуылға көшуге тырысты, алайда ойыншылар пас беру кезінде жиі қателесті.

Стадионға жиналған азын-аулақ жанкүйерлер әдемі ойын көре алмады. Қос команда да Премьер-лига деңгейіндегі өнер көрсетпеді. «Ақсу» құрамында тек Тони Сильва белсеніп, техникасымен ерекшеленіп жүрді. Бірақ екінші таймға қарай «Қайрат» қорғаушылары оған да айла тапты. Мирас Тұрлыбектің де Луис Гедештен гөрі пайдалы ойнағанын атап өткен жөн. 

Бірінші тайм соңына қарай «Қайрат» шабуылшысы айып алаңының сыртында тұрып, қақпаға күшті соққы бағыттады. Михаил Голубничий мұндайды күтпесе керек, доп тура қақпашы тұрған жерден торға түсті. 

Екінші тайм басында Мирас Тұрлыбек алыстан соққы бағыттады. Доп биік ұшты. Содан соң ойын қарқыны тағы бәсеңдеді. Бірақ «Ақсу» ойыншылары жоқ жерден қателесіп, алматылықтардың гол соғуына жол беріп қойды. Қайрат Жырғалбекұлы ебедейсіз қимылдап, одан серпілген доп Жоау Паулоның олжасына айналды. Соңғысы есепті 2:0-ге жеткізді. 

«Апама жездем сай» деген сияқты «Қайрат» ойыншылары да қателікке қателікпен жауап берді. Виктор Васин қапталдан келген допты алысқа тебе алмай, оны Мирас Тұрлыбек игеріп, екінші қимылмен қақпаға бағыттады – 1:2. Дегенмен, «Қайрат» ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Алаңға шыққан Еркебұлан Сейдахмет Михаил Голубничийдің осал тұсын тауып, қақпашының кезекті қателігін пайдаланып кетті. Доп өте әдемі шықты. 30 метрден әуелеген доп қақпашының дәл үстінен ұшып, торда қонды. Қорытынды есеп 3:1.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Руслан Костышин футболшыларының қателігі туралы көп айтты. Михаил Голубничий де «таяқ жеді». Анық болғандай, «Ақсу» әлі қақпашы іздестіруде.

- Бір қақпашымен келіссөз жүргізудеміз. Алайда ол қиын мәселе. Қолымыздан келетінін-келмейтінін көреміз, - деді ол.

Келесі кездесуді «Ақсу» 14 наурызда сырт алаңда «Қайсарға» қарсы өткізеді. 

Фото: Валерий Бугаев