Ақсуға қарасты ауылда жаңа спорт кешені бой көтеруде

Ақсуға қарасты ауылда жаңа спорт кешені бой көтеруде
Фото: Асия Серикова

Ғимараттың іргетасы қаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына келді. Биыл «Ауыл– ел бесігі» жобасы бойынша Ақсу қаласына қарасты Алғабас, Еңбек, Үштерек, Пограничник, Қанаш Қамзин ауылдарында спорт кешендері салынып жатыр. Мысалы, Евгеньев ауылдық округіндегі Үштерек ауылындағы спорт кешенінің құрылысы шілде айында басталды. Жобаның құны – 381 миллион теңге. «Промжилстройкомплект» ЖШС мердігерлік ұйымының директоры Виталий Овцыновтың сөзінше, жоспар бойынша нысан желтоқсанда тапсырылуы тиіс, алайда жұмыстар қаржыландыруға байланысты кешіктірумен жүргізілуде. 

– 812 шаршы метр жерде спорт кешенінің іргетасы қаланды. Қабырғаларды тұрғызғаннан кейін, негізгі залға көшіп, жұмыстарды бастаймыз,– деді Виталий Овцынов. – Құрылыс нысанында 15 адам жұмыс істеп жатыр.

Үштерек ауылында 1600 адам тұрады. Тұрғындар мәдениет үйін мен балабақшаны салуға сұрайды. 

– Біздегі шағын орталыққа бала сыймайды. Көпбалалы отбасы көп, жылда бала саны көбейеді. Әжептәуір ана балаларын Ақсудағы балабақшаға апарып тұрады. Сондықтан балабақшаға мұқтаж болып отырмыз,– деді Үштерек ауылының тұрғыны. 

Асайын Байханов балабақшаны салу керектігімен келісіп, бұл жобаны 2025 жылға қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, мәдениет үйінің құрылысын балабақшаны салғаннан кейін қарастыру тиімді болады. 

– Балабақша керек. Оны реттеп алайық та, сосын мәдениет үйіне кірісейік. Бір жылда барлығын істей алмаймыз. Біраз шыдаңыздар, сабырлық білдіріңіздер. Балабақша болмаса, ауылдың халқы азаяды, ертең қалаға кетеді,– деп атап өтті облыс әкімі. 

Айта кетейік, Үштерек аулындағы мектепте 385 бала оқиды. Шағын орталыққа 40 бала барады. Тағы 70 бала кезекте тұр.