«Ақсу» Қазақстан Кубогінен шығып қалды
Павлодарлық команда футболдан Қазақстан Кубогінің 1/8 финалындағы «Тобылға» қарсы қарымта кездесуде жеңіске жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақсу» кездесуді белсенді бастады. Алайда, ұрымтал сәттер көп болды деу қиын. «Тобыл» болса, бірінші матчтағы 2:0 есебімен жеңгеннен соң сақ ойнауға тырысты.
Бірінші тайм ортасында Руслан Есімов қорғаушыны алдап өтіп, айып алаңына пас шығарды. Доп қорғаушының қолына тиді – пенальти. Оны Мирас Тұрлыбек кәдеге асырды. Дегенмен, «Тобыл» доп жіберіп алғаннан соң допқа мықтап тұрып бақылау орнатып, «Ақсудың» есепті еселеуіне мүмкіндік бермеді.
Тайм соңына таман Игорь Сергеевке ұзын пас жеткізілді. Өзбек шабуылшысы допқа шебер иелік етіп, жылдамдықпен келе жатқан Жасұлан Жұмашевке пас шығарды. Ол бір-ақ қимылымен екі бірдей қорғаушыны қапыда қалдырып, алыс бұрышты дәл көздеді – 1:1.
Екінші тайм ұқсас сарынмен өрбіді. Дегенмен, төреші Александр Затула белгілеген пенальти көмекке келіп, «Ақсу» жеңіске жете алды. Голды тағы да сол Мирас Тұрлыбек соқты. Команда жеңіске жеткенмен, қос матч қорытындысы бойынша «Тобыл» әрі қарай өтті.
Келесі кездесуді «Ақсу» сырт алаңда өткізеді. 6 мамырда ол Премьер-лига аясында «Ақтөбемен» ойнайды.
Фото: «Ақсу» ФК