«Ақсу» жанкүйерлерін қуанта алмады
Орталық стадионда «Ақсу» мен Ақтаудың «Каспиі» арасындағы матч аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қонақтар Павлодарға тек жеңіс үшін келгенін бірден байқатты. Ақтаулықтар допты бақылауына алды. Алайда ол бірінші тайм ортасына дейін нәтиже бермеді. 17-минутта «Каспий» сол қанатта әдемі комбинация ойнатқаннан соң шешуші пас Дмитрий Подстреловке жеткізілді. Ол мүлт кетпеді – 0:1.
Гол жіберіп алғаннан соң «Ақсу» қарсылас қақпасына лап қойды деуге әсте болмас. Тони Сильваның жеке шеберлігінің арқасындағы сәттерді есептемегенде павлодарлықтар өте сылбыр көрінді. Мирас Тұрлыбек пен Дамир Марат белсенгенімен, олардың әрекеті командаластары тарапынан қолдау таппады.
Дегенмен, айып алаңында Дамир Марат құлағаннан соң пенальти белгіленді. Бірақ төреші Георгий Чеховский VAR көмегі арқылы өз шешімін қайтып алды. Дәл осындай шешімді ол Тони Сильваның голымен де қабылдады.
Нәтижесінде «Ақсу» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл команданың қатарынан бесінші жеңілісі. Келесі матчты команда Қарағандыда «Шахтерге» қарсы өткізеді. Матч 20 мамырға жоспарланған.
Фото: «Ақсу» ФК