Ақсуда қыздарға вейп сатқан тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақсуда қыздарға вейп сатқан тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру барысында заң бұзушының Instagram әлеуметтік желісі   арқылы вейп сатқаны анықталды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласында рейдтік іс-шаралар барысында Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінде ювеналды полиция тобының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға электрондық тұтыну жүйесін – вейп сату фактісін анықтады. 

Шекпейтін өнімдердің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме шарасы таңдалды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков. 

Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусым айында  шекпейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістер мен сұйықтықтарды сатуға және таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салатын заң күшіне енді. Осыған байланысты ішкі істер органдары тыйым салынған шекпейтін бұйымдарды сату орындарын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.