Ақсуда аулаларды абаттандыру жобасы қарқын алуда

Жұмыстарды бірінші қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шағын қалада аулаларды абаттандыру жобасы жалғасуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 268 миллион теңге бөлінді. Ақсу қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстарды «ErtisArtServis» ЖШС мердігер ұйымы атқарып жатыр.
– Биылғы жоспарға Астана, Әуезов, Доспанова, Қамзин, Момышұлы, Парковая, Набережная, Степная, 8 Наурыз көшелері мен жеке сектордағы Екінші желі мекенжайларындағы 16 аула енгізілді. Қазіргі таңда барлық аулаларда балалар алаңдарына арналған негіздер құйылып, дайындық жұмыстары аяқталды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Шағын сәулеттік формалар, ойын кешендері, әткеншектер, айналмалы құрылғылар, спорттық жабдықтар және балаларға ыңғайлы әрі қызықты орта қалыптастыратын басқа да элементтер толықтай сатып алынды.
Жоспарланған 16 алаңның тоғызында ойын кешендері мен жабдықтар орнатылды, 12 аулаға қоршаулар қойылды. Төрт алаңда заманауи қауіпсіз тартан жабындысы төселді. Өткен жылы да 16 ойын алаңы пайдалануға берілген.
Бірінші қыркүйекке дейін мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін толық жаңарту көзделуде. Әлеуметтік нысандар жанындағы жол белгілерінің жағдайы жергілікті билік өкілдерінің жіті бақылауында.
Еске салайық, облыс әкімі Асайын Байханов Ақсуға жұмыс сапары барысында ағаш бұтақтарын кесу жұмыстарын күшейтуді тапсырған. Әсіресе, орталық көшелер бойындағы құрғақ бұтақтарды алып тастап, төменгі бұтақтар жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтін және жүргізушілердің көрінісін жаппайтын етіп қалыптастыру қажет. Дұрыс кесу қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, қаланың көркін де жақсартады.
Облыс басшысы сәтті мысал ретінде Павлодардағы Назарбаев даңғылы, Лермонтов және Сәтбаев көшелерін атады.
Жол таңбаларын салуға 15 миллион теңге қарастырылған, алайда бұл сома жеткіліксіз. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаһарда қаржыландыруды 30 миллион теңгеге дейін ұлғайту қарастырылуда.