Ақсуда балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің стадионына күрделі жөндеу жүргізілуде
Стадион қазан айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барды. Ол қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің «Достық» стадионының күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
399 миллион теңге қаражат бөлінген спорт алаңында қабырғалар, едендер, шатыр, қасбет, жылыту жүйесі, кәріз, сумен жабдықтау, өрт дабылы сияқты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, трибуналарды күрделі жөндеу мен баспалдақтардың негізін қалпына келтіру жұмыстары жасалып, пластикалық орындықтар орнатылмақ.
– Бізде трибуналарды күрделі жөндеу бойынша кешігу бар. Өйткені трибуналар біркелкі емес, үлкен айырмашылықтар болды. Бірақ кесте бойынша жоспарлағандай, қазан айының басында жұмыстарды толығымен аяқтаймыз, – деді «Цитадель» мердігерлік ұйымының басшысы Игорь Веретнов.
Бүгінгі күні, ақпараттық табло орнатылып, жарықдиодты экран орнатылып жатыр. Оған қоса, сыртқы жарықтандыру, аумақты абаттандыру, стадионды қоршау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Футбол алаңына материалдар толығымен әкелінді. Осы аптада барлық бетон жұмыстарын толығымен аяқтаймыз және федерацияның жабындысын күтеміз, – деді Игорь Веретнов.
Оған қоса, стадионда жол бойындағы аумақта мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жабық карнизбен орындар жасалады. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының делегаттары үшін дыбыстау және ақпарат беру үшін арнайы операторлық орын жасау жоспарланған.