Ақсуда ERG Skills International 2025 халықаралық кәсіби шеберлік байқауы қорытындыланды
Іс-шара өндіріс саласының жарқын өкілдерін жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Чемпионатқа ERG компаниялар тобының 160-тан астам қызметкері, студенттер мен тәлімгерлер қатысты. Үш күн бойы қатысушылар кәсіби дайындықтарын және өз істерін жетілдіруге деген ынтасын танытты. Олар 13 құзырет бойынша сынға түсіп, әр бағытта қола, күміс және алтын жүлдегерлер анықталды. Үміткерлер байқауда бәсекелестік деңгейі жоғары болғанын, ал қытайлық мамандар ерекше кәсіби дайындық танытқанын атап өтті.

Сондықтан кейбір қатысушыларымыздың бірінші орынды шетелдік мамандармен бөлісуі – кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсететін ерекше жетістік болды.
Жеңімпаздарға марапаттар мен сертификаттар табыстай отырып, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – талантты жастарға өздерін көрсетуге, әлеуетін жүзеге асыруға және ірі халықаралық компанияда мансап құруға мүмкіндік беру. Жыл сайын жеңімпаздар дипломдар мен тағылымдамалардан бөлек, нақты жұмысқа шақыру алады. Өйткені ERG сенеді: біздің кәсіпорындарда индустрияның болашағы қалыптасады, – деді ол.
Сонымен қатар ол осындай байқаулардың өткізілуі жұмысшы мамандықтарының маңызын дәлелдейтінін, ал биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы бұл бағытқа ерекше назар аударғанын тілге тиек етті.

Жүлдегерлер мен қатысушылардың тәжірибесі жұмысшы мамандығы – дамуға да, еңбектің нәтижесіне мақтануға да мүмкіндік беретін сала екенін дәлелдейді. Көптеген мамандар еңбек жолын бастапқы позициядан бастап, біртіндеп жаңа дағдыларды меңгеріп, жоғары кәсіби деңгейге жетіп отыр.

– Байқау үш күнге созылды. Біз Ақсу ферроқорытпа зауытына барып, тікелей өндіріс орнында жұмыс істедік. Қалған екі күн есептерге – технологиялық көрсеткіштер мен кен байыту процестеріне арналды, – деп еске алады алтын медаль иегері, Дөң тау-кен байыту комбинатының өндірісті қамтамасыз ету қызметінің диспетчері Анар Маханалина. – Ақсуда алғаш рет болдым. Кәсіпорын менде өте жақсы әсер қалдырды. Менің бағытым бойынша бес адам қатысты, бәрі де мықты мамандар болды. Шынымды айтсам, бірінші орынды аламын деп ойлаған жоқпын. Қатысушылармен тез тіл табысып, жақсы қарым-қатынас орнаттық. Орнаған байланысымыз достық рухта және іскерлік сипатта болды.

Анар Маханалина мұндай жарыстар шабыт беріп, әрі қарай өсуге мүмкіндік жасайтынын айтады. Онымен келісетіндердің бірі – «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы электр станциясының қосалқы бөлшектерді жөндеу және қалпына келтіру бригадасының жонушысы Қайсар Дәулетбай. Ол мұндай жарыстарға колледжде оқып жүрген кезде де қатысқан.

– Жұмыс істеп жүрсем де, күшімді қайта сынап көруді жөн көрдім, бірақ бұл жолы халықаралық деңгейде. Біз төрт бөлшек дайындадық. Соның екеуі бір-бірімен дәл келіп, еш саңылаусыз тұтас құрылым құрауы тиіс болды. Мұндай бөлшектерді тек тәжірибесі жеткілікті маман ғана қолмен дәл жасап шығара алады. Менің тәжірибем бар, сондықтан тапсырманы дұрыс орындадым, – дейді жас маман. – Осындай байқаулар жастар үшін өте маңызды. Олар кәсіби беделді арттырып қана қоймай, өз дағдыларыңды көрсетуге және мансаптық өсуге мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, ERG Skills International-2025 байқауы жұмысшы мамандықтарының – заманауи әрі беделді екенін айқын көрсетті. Бұл жарыс жас мамандарды біріктіріп, оларға жаңа білім мен тәжірибе берді, сондай-ақ өз күшіне сенуге мүмкіндік туғызды. Барлығы біртұтас еңбек отбасының мүшелері сияқты әрекет етті.
Серіктестік материал