Ақтоғай ауданында Ауған соғысының жауынгерлеріне екі көшенің аты берілді
Аудан орталығында қос жауынгер Қажымұрат Ибадильдин мен Аслан Мағұловты еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауғандықтар саябағында өткен митингке Аслан Мағұловтың анасы және батырлардың жақын туыстары, облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының белсенділері және мектеп оқушылары қатысты.
– Биыл кеңес сарбаздары Ауғанстаннан кеткеніне 34 жыл толды. Біз тарихтың осынау сұрапыл кезеңдерін ұмытпай, оқ пен оттың ортасына аттанғандарды құрметтеуіміз керек. Ауған соғысында қаза тапқан екі интернационалист-жауынгер Қажмұрат Ибадильдин мен Аслан Мағұловтың құрметіне екі көшені қайта атау туралы шешім қабылданды, – деп жазды аудан әкімі Қаршыға Арынов Іnstagram парақшасында.
Аслан Мағұловтың анасы майданда мерт болған баласының балалық шағын еске алып, осындай патриоттық мәнісі бар іске мұрындық болған азаматтарға – аудан әкімі мен қарулас достарына алғысын білдірді.
Қажымұрат Ибадильдин 1964 жылы 21 қаңтарда Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Туған ауылында сегіз сыныпты бітірген. 1983 жылы Кеңес Әскерінің қатарына шақырылып, бір жылдан кейін Ауғанстанға аттанған, «БТР-70» механик-жүргізушісі ретінде соғыс қимылдарына қатысты. 1984 жылы небәрі 20 жасында жауынгерлік бұйрықты орындау кезінде қаза тапты. Туған жерінде Қарақоға ауылында жерленген.
Батыр Аслан Мағұлов Ауғанстанда ерлікпен қаза тапқан, қайтыс болғаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.