Ақтоғай ауданында зардап шеккен төрт үйде су сору жұмыстары жалғасуда
Жалаулы ауылында 14 тұрғын үй зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасы басқармасының бастығы Айдар Байсақовтың айтуынша, оның ішінде төрт үйде су айдау әлі жалғасуда. 2 сәуірде әкімдіктің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
– Қазіргі уақытта халыққа қауіп төніп тұрған жоқ, бүлінген мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен арнайы Ережеге сәйкес қалпына келтіріледі немесе өтеледі (2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358), – деді Айдар Байсақов.
Облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб жұмысын жалғастыруда, оның құрамына облыс әкімдігінің, төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның, басқа да мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылығы кіреді.
Басқарма бастығы өңірдегі су тасқыны жағдайы бақылауда, алаңдауға негізі жоқ және барлық қажетті шаралар қабылдануда екенін хабарлады.