Ақтоғайда мас күйде рөлге отырған мотоцикл жүргізушісіне қатаң жаза қолданылады
Ол бірден үш заң бұзушылыққа жол берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданындағы ауылдардың бірінде тәртіп сақшысы кезекшілік кезінде жолдағы әрекеті күмән тудырған мотоциклді тоқтатты. Тексеру барысында ер адамның бірқатар заң бұзушылыққа жол бергені анықталды. Ол мас күйде болған, медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде мас екенін растады. Сонымен қатар, оның жүргізуші куәлігі болмаған және ол арнайы бас киімсіз жүрген.
Тәртіп бұзушы енді ауыл тұрғындарына қауіп төндірмейді. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, мотоциклі арнайы айып тұрағына қойылды. Енді оған заңда көзделген қатаң жаза қолданылады.
Полицейлер мотоцикл — жоғары қауіпті көлік құралы екенін атап өтті. Дулығаны елемеу, жылдамдық режимін бұзу, әсіресе мас күйде рөлге отыру қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Айта кетейік, облыста жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарғаны үшін 382 жүргізуші жауапқа тартылған.