Абай – 180 жыл: павлодарлық шығармашылық топ Жидебайға рухани сапар шекті

Ақын осы жерде 70-тен астам өлең, 27 қара сөз жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Ertis Media» ЖШС-нің шығармашылық тобы ақынның туған топырағы– Жидебайға рухани сапар жасап қайтты.
Сапар мақсаты – Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындап, бейнематериал әзірлеу, сондай-ақ, ұлы ақынның өміріне қатысты тарихи орындарды аралап, дерек жинау болды.
Шығармашылық топ жол бойы Семей – Жидебай бағытындағы «Абай жолымен» жүріп өтті. Алғашқы аялдама – Күшікбай асуы. Бұл жерде XVIII ғасырда жауға қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан Күшікбай батырға арнап орнатылған белгі бар. Асыл бұлақтан су ішіп, сапаршылар Абайды іздеп жолға шыққан көпшілікпен рухани үндестік тапты.
Сапардың маңызды бөлігі – «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралау болды. Бұл жерде Абай Құнанбайұлы інісі Оспанмен, ал Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлы Ахатпен бірге жерленген. Кесене жобасын КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі Бек Ибраев бастаған топ жасаған. Кешен қазақтың дәстүрлі дүниетанымын, ұлттық космогониялық ұғымдарын сәулет өнері арқылы бейнелейді.
Кешеннің басты ерекшелігі – қос мұнаралы құрылым алыстан алып кемеге ұқсайды. Абай мұнарасының биіктігі – 38,5 метр, Шәкәрім мұнарасы – 37 метр. Кешенді айнала тарихи тұлғалар зираттары мен демалыс орындары орналасқан.
Жидебайдағы келесі нысан – Абайдың мұражай-үйі. Бұл – ұлы ақынның соңғы он жылын өткізген, шығармашылық тұрғыдан ең өнімді кезеңі өткен тарихи қыстау. Мұражайда ақынға тиесілі тұрмыстық заттар, кітаптар, құнды жазбалар мен жәдігерлер қойылған. Үй бес бөлмеден, дәліз бен шошаладан тұрады. Сыртқы көрінісі де, ішкі құрылымы да Абай заманындағы қалпын сақтап қалған.
Ақын осы жерде 70-тен астам өлең, 27 қара сөз, Крылов пен Лермонтовтан 25-тен аса аударма және бірнеше ән жазған.
Сапар барысында топ мүшелері Абай шығармаларын бейнероликке түсіріп, туындыларын насихаттады. Раушан Сыбанжанова домбырамен Абай әнін орындаса, Елдос Төлеубаев алғашқы қара сөзін оқыды. Сондай-ақ Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» және «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» атты өлеңдерін Еламан Қабділәшім оқып, бейнетаспаға жазылды. Түсірілім жұмысын Захар Шишко жүргізді.
– Бұл сапар бізге тек дерек жинау ғана емес, рухани серпіліс әкелді. Бабалар рухына тағзым етіп, Абайдың әлеміне еніп қайттық, – дейді Еламан Қабділәшім.
Айта кетейік, Жидебай қорығы 1990 жылы Абайдың 150 жылдығына орай құрылған. Қазіргі таңда бұл қорық республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген.