Абайлаңыз, мейірімді ит: Павлодарда қаңғыбас иттерді белгілеу басталды

Абайлаңыз, мейірімді ит: Павлодарда қаңғыбас иттерді белгілеу басталды

Бұл іспен әзірше қоғамдық ұйымдар айналысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Сердца Павлодара» қоғамдық қорының басшысы Мария Гребенкина айтып өткендей, иттерге сары түсті бирка құлақтарына орнатылуда. Еркіндікке тек сау қауіпсіз жануарлар ғана жіберіледі. 

- Біз иттерді стерильдейміз. Егер жануардың иесі болса, бирканы тегін саламыз. Осылайша, құлағында белгісі бар итті көрсеңіз - қорықпаңыздар: ол күшіктемейді әрі қауіпсіз. Биркамен тек адамдарға шабуыл жасамайтын иттерді ғана шығарамыз, - дейді Мария Гребенкина. 

Келесі жылдан бастап істі ресми органдар қолға алады. Облыстық ветеринария басқармасының ветеринария және сертификациялау бөлімінің басшысы Ғалым Бейсеновтың сөзіне қарағанда, иттерді уақытша асырау пункті салынды, оны басқарма балансына көшіру керек.

- Иттерді қоректендіруге қажет ақша келесі жылға бөлінді, яғни келесі жылы аулау, вакцинациялау, стерильдеу мен оларды еркіндікке жіберуге кірісеміз. Стерильдеу иттердің күшіктемеуі үшін қажет. Жануарлар екі ай бойы қарауда болады. Олар адам үшін қауіпсіз деп танылса, еркіндікке жіберіледі, - дейді Ғалым Бейсенов. 

Мемлекеттік нысан 300 итке шақталған. Олар онда 60 күн бойы болады. Демек, екі ай сайын еркіндікке 300 сау әрі қауіпсіз ит жіберіледі. 

Мұндай тәжірибе елдегі қаңғыбас жануарларды аулап, жоюға тыйым салынғаннан бері енгізіліп отыр. Оған дейін арнайы қызметтер облыс көлемінде жыл сайын 12 мың итті аулап, жойып отырды.

Фото: ашық дереккөздерден