Абылай ханның мұралары Павлодар өңірінде алғаш рет таныстырылды
Шаһарда «Абылай және оның заманы» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы «Абылай хан резиденциясы музей кешенінің» ұйымдастыруымен жеткізілген көшпелі көрме Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне орналастырылды.
Көрмеде Абылай хан резиденциясының макеті, Абылайдың мөр сақинасы, зульфикар қылышы, қазақ батырларының сауыт-сайманы мен семсер, найза, шоқпар, қылыш, айбалта, күрзі, акинак, сирақты мылтық сияқты соғыс құралдары, сол кезеңдегі дипломатиялық хаттар мен архивтік құжаттардың көшірмелері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер ұсынылды.
Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Ол қазақ мемлекетінің саяси бірлігін қалпына келтіріп, ірі мемлекетке айналдырды. Оның данышпандығы мен көрегендігінің арқасында кең байтақ Ұлы далада ұзақ уақыт бойы бейбіт заман орнады.
– Абылай ханның мұралары Павлодар өңірінде алғаш рет таныстырылды, – дейді «Абылай хан резиденциясы музей кешенінің» директоры Аян Сатаев. – Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі болған Абылайдың өмір жолын көрсетіп, дәріптеп, таныстырып, жастарға насихаттау үшін осындай жылжымалы көрмелерді ұйымдастырып жүрміз.
«Абылай хан резиденциясы» 2006 жылы ашылған. Онда Ұлы ханның заманына қатысты 500-ден астам құнды, тарихи дүниелер сақталған. Павлодар өңіріне жалпы 50-ден аса құнды жәдігерлер әкелінген.
– Жыл сайын ұйымдастырылатын жылжымалы көрмені биыл бес өңірге апару жоспарланып отыр, – дейді Аян Сатаев. – Одан әрі, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай аймақтарына апармақпыз.
Айта кетейік, Павлодарда көрме 29 сәуірге дейін жалғасады.