Аманаттықтар өңірдің дамуына үлес қосқан павлодарлықтарға алғыс білдірді

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Алғыс айту және партия күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиында аймақтың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, партия атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ресми сөздерінде партия және билік өкілдері өзара қолдау мен құрметтің маңыздылығын атап өтті.
– Алғыс айту күні – жай ғана мереке емес. Бұл – өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген жандарға шынайы ризашылығымызды білдіру мүмкіндігі. Қиын сәтте көмекке келуге дайын әр азаматқа алғысымыз шексіз, – деді Айгүл Маликова.
Илья Теренченко да осындай шаралардың маңыздылығына тоқталып, ризашылығын білдірді.
– Бүгін біз еңбегімен және жанашырлығымен қоғамға көмектескен жандарға алғыс айтамыз. Олардың үлгісі бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырады, – деді ол.
Сонымен қатар, партия өкілдері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыстық ардагерлер кеңесіне азық-түлік себеттерін табыстап, өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
– Еліміздің дамуына зор үлес қосқан аға буынды қолдау – біздің парызымыз. Мұндай көмек біздің партиялық жобамыз аясында тұрақты түрде көрсетіліп келеді, – деп атап өтті Айнұр Мұхамедьярова.
Кездесу барысында партия өкілдері ардагерлерге сіңірген еңбегі, жас ұрпаққа көрсеткен қамқорлығы және ел болашағына жанашырлығы үшін алғыс айтты. Өз кезегінде ардагерлер «AMANAT» партиясына тұрақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Іс-шара ардагерлердің шынайы алғысы мен жылы әңгімелерімен аяқталды.