ҰБТ-ның абсолют рекордшысы, павлодарлық түлек шетел гранттарынан неге бас тартты?

ҰБТ-ның абсолют рекордшысы, павлодарлық түлек шетел гранттарынан неге бас тартты?
Фото: Мадина Мадиярованың жеке мұрағатынан

Ғылымды өмір салтына айналдырған жастардың бірі – биылғы тестілеуде ең жоғары 140 балл жинаған 18 жастағы Мадина Мадиярова, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Кембридж емтихандарынан да жоғары нәтижелер көрсетіп, бірнеше беделді халықаралық бағдарламалар мен шетелдік университеттердің гранттарын жеңіп алған. Дегенмен, ол Қазақстанда қалу туралы шешім қабылдап, туған елінің ғылымына үлес қосуды мақсат етіп отыр. Біз Мадинамен ғылым, экология, білім беру жүйесі және болашаққа деген сенімі туралы ашық сұхбат құрдық.

– Мадина, сіздің нәтижелеріңіз өте әсерлі. Сіздің пікіріңізше, бұл жетістік неден басталды?

– Барлығы балалық қызығушылықтан басталды. Павлодар – өндіріс орталығы, мұнда экология мәселелері бірден көзге түседі. Ауа сапасының нашарлығы, өндірістік қалдықтар – мен үшін бұл жай ғана статистика емес, өмір шындығы болды. Мектепте экологиялық жобалармен айналыса бастадым: 10-сыныпта ауадағы микробөлшектердің өсімдіктерге әсерін зерттедім. Кейін ауылдағы ауызсу мәселесі назарымды аударды – магнитит пен құм арқылы арзан су сүзгі жүйесін жасадым. Ғылым маған нақты мәселені шешуге жол ашты.

– Ғылыммен айналысу үшін Қазақстанда қалуды неге жөн көрдіңіз? Шетелдік мүмкіндіктер аз болмапты ғой…

– Иә, мен The Chinese University of Hong Kong пен Венгрияның Stipendium Hungaricum бағдарламасынан толық грант ұтып алдым. АҚШ-та MIT және Indiana University ұйымдастырған Summer Science Program-ға қатысып, Alternaria alternata патогеніне қарсы ингибитор жасап көрдім. Бірақ осы тәжірибелерден кейін менің түпкі мақсатым – өз елімде ғылымды дамыту екеніне көзім жетті. Қазақстанда да сапалы зерттеу жүргізуге болады. Қазір шетелдік университеттердің 20-дан астам филиалы ашылды, мүмкіндіктер бар. Бастысы – ынта мен жүйелі жұмыс.

– ҰБТ-ға дайындық процесіңіз көпшілікті қызықтырады. 140 балл – көптің арманы. Құпиясы неде?

– Менде ұзақ дайындық болған жоқ. Бірақ дайындалған кезде бар зейінімді соған жұмсадым. Бір-екі ай ішінде аптасына бірнеше сынақ тест тапсырдым, «қателер дәптерін» жүргіздім, теорияны түсініп, практикамен бекіттім. BilimLand.kz, Preparatory.kz, Testcenter.kz секілді платформалар және Telegram-арналар көп көмектесті. Бастысы – жүйелілік пен өзіңе сену. ҰБТ –тек балл ғана емес, өз бетіңше жұмыс істеу процесі.

– ҰБТ жүйесіне байланысты пікіріңіз қандай? Не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Бұл – объективті бағалау жүйесі. Бірақ әлі де жетілдіруге болады. Мысалы, сұрақтарда логика мен түсінуге негізделген тапсырмалар көбірек болуы керек. Барлық мектептер үшін тегін дайындық ресурстарын қолжетімді етсе жақсы болар еді. Өйткені мүмкіндіктер тең болу керек.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Қай бағытта дамуды қалайсыз?

– Мен химия саласын таңдадым. Бұл шешім — жылдар бойы қатысқан олимпиадалар мен зерттеу жобаларының нәтижесі. Қазір Назарбаев университетіне қабылдандым және ғылыми жобаларды жалғастырмақпын. Мақсатым – Қазақстандағы ғылыми ортаны күшейту, нақты пайдалы жобалар арқылы қоғамға әсер ету. Болашақта ғылым мен технологияны әлеуметтік өзгерістерге қолданғым келеді.

– Соңғы сұрақ: жастарға не айтқыңыз келеді?

– Ғылым – құр теория емес, өмірмен тікелей байланысты құрал. Қай қалада, қай елде болсаң да, маңыздысы – мәселені көріп, оны шешуге тырысу. Қателесуге қорықпаңыздар. Өз идеяңызға сеніңіздер. Қазақстанда отырып та әлемдік деңгейде жетістікке жетуге болады.

Мадина – бүгінгі жаңа буынның үні. Ол өз таңдауымен көп жастың санасына серпін бере алады. Еліміздің болашағы – осындай білімді, жігерлі, қоғамшыл жастардың қолында екеніне сенім артамыз.