Аптап ыстықтан Астана – Павлодар тасжолының цемент–бетон жабыны бүлінді

Аптап ыстықтан Астана – Павлодар тасжолының цемент–бетон жабыны бүлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Республикалық маңызы бар автожолда жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолында жол қызметтері цементбетон жабынының жай-күйіне жоспарлы мониторинг жүргізіп, күтіп-ұстау жұмыстарын жалғастыруда.

Аптап ыстыққа байланысты температуралық деформациялардың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Жол қызметтері бетон плиталарының көтерілуіне және жолда қауіпті жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін алдын ала профилактикалық шаралар қабылдауда.

Астана – Павлодар бағыты бойынша 413-шақырымда жүргізілген тексеру барысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет ететін учаскені анықтады.

— Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған учаскеде уақытша жол белгілері орнатылды. Осыдан кейін жол қызметтері жөндеу жұмыстарына кірісті. Жөндеу аясында жабынды демонтаждау, қиыршықтас негізін төсеу және асфальтбетон қоспасын салу жұмыстары орындалуда, – дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ.

Компания жұмыстарға қажетті мамандар мен арнайы техника жұмылдырылғанын атап өтті. Бұған дейін де осы бағытта бетон плиталарындағы ішкі кернеуді төмендетуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде компенсациялық жіктерді кесу және жергілікті жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және олардың техникалық жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.