Павлодар облысында қар құрсауынан жиырмадан астам адам құтқарылды
Олар мінген төрт автокөлік жолда қарға батып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға Павлодар ауданының Маралды ауылы маңында болған. Қолайсыз ауа райына байланысты жолда төрт автокөлік қар құрсауында қалып, көліктерде барлығы 26 адам болған.
– Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында барлық көлік қардан шығарылды. Адамдар Павлодар қаласына қарай жолдарын қауіпсіз жалғастырды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек ешкімге қажет болмады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрлігі өңір тұрғындарын қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Мамандар боран мен қалың қар кезінде алыс жолға шықпауды ескертеді.