Екібастұзда жаяу жүргіншілер жолынан баланы өткізбеген жүргізуші анықталды
Көлік тізгіндеген тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы бойынша жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық полиция лепартаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Екібастұз қаласында 28 тамыз күні сағат 10:20-да "Зерде" ЖОББМ жанында жүргізуші "УАЗ" маркалы көлік құралын басқара отырып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі бойында жолды кесіп өткен болған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіге жол бермеген. Осы бұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы бойынша әкімшілік материал жасалды. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерге жол бермеу бойынша жазаланды. Осындай бұзушылық үшін Павлодар қаласында да жүргізуші жауапқа тартылды. Құқық бұзушылар 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айып арқалады, - деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Жалпы тәртіп сақшылар аймақ бойынша 27 тамызында басталған "Назар аударыңыз-балалар!" республикалық ЖПШ аясында 200-ден астам бұзушылықты анықтады.
Бірінші кезекте балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға және балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіз тәртіпке байланысты дағдыларын бекітуге бағытталған іс-шара барысында Павлодар облысының барлық аумағында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында жол қауіпсіздігін арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Білім беру мекемелерінің жанында көше-жол желісіне тексеру жүргізіледі. Балалар арасында жол қозғалысы ережелерін ойын форматында түсіндіру, түрлі конкурстар, акциялар, тақырыптық сабақтар көрнекі мысалмен өткізіледі.
- Профилактикалық іс-шара барысында жолдарда 223 тексеру жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға нұсқамалар жіберілді. Іс-шара барысында құқықтық тәртіп сақшылары 224 бұзушылықты анықтады, - деді полиция қызметі басқармасының бастығы.
"Назар аударыңыз-балалар!" жедел-алдын алу шарасы 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.