Гүлдермен «бірлік» сөзі және 20 тілдегі «сәлем»: павлодарлықтар 1 мамырды қалай қарсы алды
Қалалықтар тілек тақтасында махаббат, достық пен келісім туралы жазды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан халқының бірлігі күні биыл Конституция алаңында аталып өтті. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының алдында павлодарлықтар би билеп, өлеңдерін оқыды, достық туралы ән шырқады, жарысқа түсті, өз мәдениеттерінің салт-дәстүрлерін таныстырды.
Облыс әкімі мерекелік орындардың әрқайсысын аралап шықты. Асайын Байханов бірлік – Қазақстан халқының басты байлығы екенін еске салып, тілек тақтаға өзінің ақ тілегін жазып қалдырды.
– Жерлестерді құттықтаймын! Бірлік – халқымыздың ең басты байлығы. Соның арқасында ашық аспан астында отырмыз. Еліміз дамып келеді, онда түрлі этностар өмір сүріп жатыр, біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатырмыз. Елімізде бұл бейбітшілік жалғасын таба берсін, – деді облыс әкімі павлодарлықтарға.
Өңір тұрғындарына қазақстандық әнші Алина Герц те құттықтау жолдады. Ол өзінің бірнеше хиттерін, соның ішінде барлық сөздері әртүрлі тілдердегі «сәлем» нұсқалары болатын әнін орындады.
– Қазақстанның ерекшелігі – біз жүзден астам ұлттың басын біріктірген елміз. Мен қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін белорустар, украиндар, немістер тұратын ауылда өстім. Сондықтан мен үш тілде еркін сөйлей аламын және 25 тілде «Мен сені сүйемін» деп айта аламын», - деді әнші.
Алина Герц қазақтың тұсау кесу дәстүріне қатысты. Шара барысында павлодарлық журналист Артём Клеванның баласының тұсауы кесілді. Жиналғандар балаға өмірде жеңіл әрі жарқын жол тіледі.
Мерекелік шараға барлығы алты алаң дайындалды. Қала тұрғындарына арнап «домбыра-party» ұйымдастырылды. Бұнда музыкалық мектеп оқушылары әйгілі күйлерді орындады. Жергілікті суретшілер павлодарлықтардың портреттерін салды, сондай-ақ ниет білдірушілер қолына қылқаламды алып, сурет сала алды. Ақын, сазгер Естай Беркімбаевтың ескерткіші алдына «ақындар алаңы» орнатылып, қала тұрғындары өз өлеңдерін оқыды.
1 мамырға дейін павлодарлық мектеп оқушылары әртүрлі мәдениет элементтері бейнеленген бірнеше ондаған жайма мата дайындады. Өзбектердің дастарханға не қоятынын, қазақ құсбегілерінің аң аулағанын, испандықтардың қалай билейтінін көруге болады. Мерекеде тағы бір безендірілген алаң дайындалды. Онда тірі гүлдерден «бірлік» сөзі жасалды.
Сонымен қатар, павлодарлықтар арқан тартыс, асық атудан жарысқа түсіп, ұлттық күрес пен би жекпе-жектерін тамашалай алды.
Фото: Ольга Бугаева және Валерий Бугаев