Асайын Байханов ҚР Президентіне егін жинау жұмыстарының барысын айтып берді

Ол өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетістіктерін де баса айқындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кеше облыс әкімі Асайын Байханов бейнебайланыс арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ақмола облысы, Зеренді ауданында өткен егін жинау науқанына арналған кеңеске қатысты.
– Бұл іс-шарада Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетістіктерді баяндау - мен үшін зор мәртебе болды. Бүгінде өңірде 1,7 миллион гектар алқапта егін жинау жұмыстары қызу жүруде. Майлы дақылдардың көлемі 43%-ға артты. Суармалы жерлердің 97%-на ылғал үнемдеу технологиялары енгізіліп, бұл өнімнің 60%-ын қамтамасыз етіп отыр. Елде өндірілетін әрбір үшінші картоп пен сәбіз, сондай-ақ қарақұмықтың 60% – Павлодар облысының үлесінде. Биыл өңір диқандары ауыл шаруашылығына 124 млрд теңге инвестиция тартты. Бұл - ел бойынша салынған әр бесінші теңге, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Павлодар облысы бүгінде тек индустриалды ғана емес, сондай-ақ қуатты аграрлық өңірге айналып келеді.
Президент егін жинау жұмыстарын уақытында аяқтауды, әртараптандыруды жалғастыруды, мал шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізуді, сондай-ақ 2026 жылғы дала жұмыстарына қазірден бастап дайындықты бастауды тапсырды.
Асайын Байханов Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жұмыла атқарылса - алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ екеніне сенімді.