Асайын Байханов өңір тұрғындарын Рамазан айының басталуымен құттықтады
Аймақ басшысы елімізге тыныштық, жанұяларымызға бақыт тіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Айлардың сұлтаны атанған қасиетті Рамазанның келуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Мейірім мен ізгілікке, береке мен сауапқа толы айдың әр күні, әр сәті жан-тәнімізге рухани байлық сыйлары сөзсіз. Оразадан оразаға аман есен жете берейік! – деп жазды Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
Сондай-ақ Жер дүниенің суығы кетіп, айналамыздың жаңа мезгілмен жаңарып жатқан шағында рахымы мол Оразаның басталуы жақсылықтың нышаны болса керек екенін атап өтті.
– Иманымыздың артып, ысырапшылдықтан тыйылатын отыз күндік Рамазанда жасаған дұғаларымыз бен ұстаған оразамыздың қабыл болуын тіледі, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін, 11 наурызда он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол Рамазан айы басталды, 9 сәуір – соңғы күні. Биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түні – Қадір түні.
Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.