Асайын Байханов бірінші қалалық ауруханаға барды

Асайын Байханов бірінші қалалық ауруханаға барды
Фото: автор

Күрделі жөндеудің бірінші кезеңіне жұмсалған қаражаттың басым бөлігі заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қалалық №1 ауруханасына барып, медициналық нысанды қайта жаңғыртудың бірінші кезеңінің нәтижелерімен және алдағы жұмыстардың жоспарымен танысты.

№1 қалалық аурухананы қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған. Жобаның жалпы құны 12,3 миллиард теңгені құрайды. Бірінші кезең аясында аурухананың шамамен 13 мың шаршы метр аумағы жаңғыртылды. Оның ішінде клиникалық бөлімшелер мен операциялық блок бар.

Бүгінде аурухана 394 төсекке есептелген. Медициналық мекемеде хирургиялық бағыттағы тоғыз бөлімше, терапиялық бағыттағы төрт бөлімше және диагностикалық әрі қосалқы қызметтер жұмыс істейді.

Қайта жаңғыртудың негізгі нәтижелерінің бірі — операциялық блоктың толық жаңартылуы. Мұнда 11 операциялық зал, оның ішінде заманауи ангиографпен жабдықталған гибридті операциялық зал жұмыс істейді. Аппарат қан тамырларының үш өлшемді моделін жасап, патологиялық ошақтардың орналасуын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күрделі нейрохирургиялық және тамырлық операциялар кезінде маңызды.

Бірінші кезең аясында 145 атау бойынша 1319 бірлік медициналық жабдық сатып алынған. Оның ішінде шамамен 8,8 миллиард теңге медициналық жабдықтарға жұмсалды. Бұл жалпы қаржы көлемінің шамамен 70 пайызы. Қалған қаражат аурухананың инфрақұрылымын жаңартуға бағытталды.

- Ең күрделі мәселе 1200-ден астам медициналық жабдықты бір кешен немесе біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтіндей етіп синхрондау болды. Аппаратураны баптау, жабдықтарды біріктіру және мамандарды оқытуға қосымша уақыт қажет болды. Бүгінде барлық кезеңдерден өттік, қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі пайдалануға беріліп жатыр, — деді Асайын Байханов.

Аурухана басшылығының мәліметінше, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнда 16 жаңа медициналық технология енгізілді. Олардың қатарында заманауи аз инвазивті операциялар бар. Бұған дейін мұндай оталар негізінен Астана мен Алматыдағы ірі медициналық орталықтарда жасалған.

Сонымен қатар ауруханада механикалық сарғаю орталығы мен эндоскопиялық гемостаз орталығы ашылды. Мұнда қан кетуді эндоскопиялық әдіспен тоқтатуға және бауыр, ұйқы безі, өт жолдары ауруларына аз инвазивті әдістермен көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Ауруханада енгізілген тәжірибелерге басқа өңірлердің мамандары да қызығушылық танытып отыр.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі мердігер ұйымға бірқатар ескертулер жасады. Негізінен кемшіліктер әрлеу жұмыстарына қатысты. Асайын  Байхановтың айтуынша, анықталған мәселелер күрделі емес және мердігердің кепілдік міндеттемелері аясында жойылуы тиіс.

- Жөндеу аяқталғаннан кейін ғимаратқа үлкен көлемде медициналық жабдық жеткізілді. Мұндай жұмыстар кезінде кей жерлердің сызылып қалуы немесе басқа да ұсақ зақымдардың пайда болуы мүмкін. Мұның барлығын түзетуге болады. Алдағы екі апта ішінде барлық ескертулер жойылады деп ойлаймын, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол жаңартылған корпустың жұмыс істеуі мен заманауи медициналық жабдықтардың толыққанды іске қосылуы басты нәтиже екенін атап өтті.

Кездесу барысында қайта жаңғыртудың екінші кезеңі де талқыланды. Ол аурухананың қалған блоктарын жаңартуды көздейді. Атап айтқанда, ғимараттың бес және жеті қабатты бөліктерін қайта жаңғырту жоспарланған.

Қазіргі таңда 2024 жылы әзірленген жобаға түзетулер енгізу қажет. Өзгерістер тек сметалық құжаттамаға ғана емес, жоспарлау шешімдеріне де қатысты болады. Мәселен, төртінші қабатта екінші инсульт орталығын, бесінші қабатта неврология бөлімшесін орналастыру жоспарланып отыр.

Бұған дейінгі жоба бойынша екінші кезеңнің құны шамамен 6,4 миллиард теңге болған. Оның 2,8 миллиард теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына, қалған бөлігі медициналық жабдықтарға қарастырылған. Қазіргі бағаларды ескере отырып, жобаны түзету және қайта есептеу нәтижесінде жалпы құны өзгеруі мүмкін.

Жобалық құжаттаманы түзетуді қараша айында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін екінші кезеңді қаржыландыру мәселесі нақтыланады. Жалпы, аурухананы толық қайта жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Жоба толық іске асқаннан кейін №1 қалалық аурухана заманауи медициналық технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған біртұтас медициналық кешенге айналады.