Асайын Байханов Екібастұз ардагерлеріне автокөлік кілтін табыс етті
Екібастұзға жұмыс сапарымен барған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаладағы ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Басқосуда шаһардың дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік нысандар мәселелері талқыланды. Өңір басшысы соңғы жылдары Екібастұзда ауқымды өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті.
— Қаламыз өзгеріп келе жатыр. Соңғы үш жылда тек абаттандыру жұмыстарына ғана 40 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл — әкімдік пен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі, — деді Асайын Байханов.
Әкімнің айтуынша, өңірде соңғы үш жылда тоғыз ірі өндіріс іске қосылған. Оның ішінде төрт зауыт жұмысын бастаған.
— Егер біз жаңа өндірістер ашпасақ, жастарды ұстап қала алмаймыз. Қазірдің өзінде жастар Астана мен Алматыға кетіп жатыр. Сондықтан біздің мақсатымыз — Екібастұзды көмір өндірісіне ғана тәуелді моноқаладан экономикасы әртараптандырылған толыққанды индустриялық қалаға айналдыру, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Екібастұзды дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жол және металлургия кластерлері қалыптасып жатқанын айтты.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы электролиз әдісімен мыс өндіретін жаңа зауыттың ашылатынын жеткізді. Жобаға жеке инвесторлар он миллиард теңге қаржы құйып, 300 жаңа жұмыс орнын ашқан.
Кездесу кезінде ардагерлер қалалық ауруханаларды жаңғырту, медициналық жабдықтарды жаңарту және Екібастұзда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» салу мәселесін көтерді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов бүгінде орталыққа сұраныс жоғары екенін айтты.
— Бізде қазір түрлі үйірмелерге қатысқысы келетін адамдар өте көп. Аэробика, теннис, шахмат, тігін курстары бар. Бірақ қазіргі ғимарат тарлық етеді. Сондықтан Екібастұзға жеке «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қажет, — деді ол.
Сонымен қатар ардагерлер қазақ драма театрының құрылысына қатысты мәселені де көтерді.
Кездесу соңында облыс әкімі ардагерлер кеңесіне Hyundai автокөлігінің сертификатын табыстады.
— Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз біз үшін маңызды бағдар. Қаладағы өзгерістердің барлығы үлкен буынның қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр, — деді Асайын Байханов.