Павлодарда 003 бағытына жаңа автобустар шығады

Енді жолаушылар аялдамада осы автобусты небәрі 7 минут тосатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қалалық жолаушылар көлігі үшін қозғалыс құрамын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығына 12 жайлы «Yutong» маркалы автобус келіп жетті. Олар аймақ басшысына таныстырылды.
Бұған дейін №003 маршрутында 21 көлік қатынаса, жаңарту жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңда қозғалыс құрамы 24 бірлікке дейін жетті. Жаңарту деңгейі 100 пайызды құрайды.
– Ал қозғалыс интервалына келсек, бұрын ол 9 минутты құраса, жаңартудан кейін 7 минут болады. Жалпы сыйымдылығы 57 жолаушыға арналған орын бар, оның ішінде 22 отыратын, 35 тұратын орын. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтар үшін пандус қарастырылған. Автобус ішінде желдеткіш бар, USB қосылымдары мен 7 бейнебақылау камерасы орнатылған, – деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Оның сөзінше, бұрын жүрген 16 орындық «ГАЗель» маркалы көліктер толықтай жаңа автобустарға ауыстырылды. Жолаушылар ағымы бойынша күн сайын 11-12 мың транзакция жүзеге асырылады.
– Келесі жылға қоғамдық көлікті субсидиялауға арналған жалпы қаржы көлемі 15,8 миллиард теңгені құрайды. Олар 36 әлеуметтік маңызы бар бағыттарға жұмсалады. Біз шамамен 13 маршрутты оңтайландырдық. Соның нәтижесінде келесі жылға үнемдеу 4 миллиард теңгені құрап отыр, – деді шаһар басшысы Хасар Хабылбеков.
Асайын Байханов бұл жұмыстар үнемдеу мақсатында ғана емес, болашақта шығындардың өсуіне жол берілмес үшін жасалды деген пайымға келді.
Айта кетейік №003 бағыты таңғы сағат 6-да желіге шығады. Ең қарбалас уақыт – 8:30. Сондықтан әкімдік және тасымалдаушы жаңа жеткізілген автобустар жүктемені азайтады деген сенімде. Айта кетейік, №3 және №003 бағыттары бойынша жүретін автобустардың маркасы, техникалық сипаттамасы бірдей. Олардың ажырату үшін тек түстерін жаттап алу керек – 003 бағытында ақ, ал 3 автобустар жасыл түсті болмақ.