Асайын Байханов: Медициналық нысандардың құрылысына әкімдер тікелей жауапты
Павлодар облысында 30 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды.
Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың мәлімдеуінше, аталмыш жоба шеңберінде облыста 30 медициналық обьектінің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 23 – медициналық пункт, бес – фельдшерлік-акушерлік пункт және екі – дәрігерлік амбулатория. Бұл нысандар Аққулы, Май, Шарбақты, Железин, Успен, Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар аудандары және Ақсу мен Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында салынады.
– Бүгінгі күнде 10 медициналық мекеменің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандарға бюджеттен 1 миллиард 338 миллион теңге бөлінді. Аталмыш нысандарды Ақшиман, Ақжар, Арбиген, Жабағылы, Қарақұдық, Қызылағаш ауылдарында тамыз айында, Шақа және Шұға ауылдарында қыркүйек айында, Бәйет және Мыңкөл ауылдарында қазан айында тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді Асқар Ажмұрат.
Сонымен қатар, басқарма басшысы қалған 20 нысан бойынша, бүгінгі таңда 18 нысанның мердігерлері анықталып, қалған екеуі бойынша конкурс өткізілуде екенін атап өтті. Аталмыш нысандардың құрылысы үшін облыстық бюджеттен 335 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігіне үш миллиард теңге көлемінде ақша бөлу туралы өтініш жіберілген.
Бұдан бөлек, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша Екібастұз қаласының ауылдық аймақтарындағы екі нысанда оң шешім қабылданған. Ал Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы алты нысанда конкурстық процедуралар жүргізілуде. Конкурстарды аяқтау 8, 16 және 20 тамызға жоспарланып отыр.
– Бұл– өте маңызды ұлттық жоба. Апта сайын өткізілетін аппараттық жиналысымызда жұмыс қарқыны бойынша әкімдер баяндап отыру керек. Бұл нысандар бойынша қала және аудан әкімдері тікелей жауапты болады. Нысандарды салудың нормативтік мерзімдерін бақылауда ұстаңыздар. Мердігерлік ұйымдар тарапынан шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін талап арыз жұмысын жүргізсін, – деді Асайын Байханов.
Оған қоса, облыс әкімі құрылыс жұмыстарын күздің салқынына, қыстың суығына түспейтіндей жағдай жасауды тапсырды. Өйткені нысандар қыста тапсырылса, сапасы төмен болады.
Өңір басшысы салынып жатқан нысандарды аралап, өз көзімен көру үшін медициналық нысандарды аралауды жұмыс кестесіне енгізуді тапсырды.