Асайын Байханов павлодарлықтарды Еңбек күнімен құттықтады
Облыс әкімі өңірдің жетістіктерінің артында мыңдаған тұрғынның күнделікті еңбегі тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғындарды Еңбек күнімен құттықтап, бейбіт әрі жасампаз еңбек қоғамның берекесі мен тұрақтылығының негізі екенін айтты.
– Өз күшімізге, біліміміз бен бастамамызға сүйене отырып, туған өлкемізді бірге дамытып, отбасыларымыз үшін лайықты өмір сүруге жағдай қалыптастырып келеміз, – деді өңір басшысы.
Асайын Байханов Павлодар облысының Қазақстанның индустриялық жүрегі саналатынын атап өтті. Оның сөзінше, өндірістегі жетістіктер, жаңа кәсіпорындар, жолдар мен әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне өңірдің мыңдаған тұрғыны үлес қосып келеді.
– Облыстың жетістігін айқындайтын – адам, оның кәсібилігі, жауапкершілігі және өз ісіне деген адалдығы. Өңіріміздің жетістіктерін мақтан тұтып, еңбегімен туған жерін көркейтіп жүрген әр азаматты жоғары бағалаймыз, – деді әкім.
Өңір басшысы павлодарлықтарға зор денсаулық, толағай табыс, жаңа жетістіктер, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.
Еңбек күні қарсаңында павлодарлық Қанатбек Теміров пен Аян Қайыр «Құрмет» орденімен марапатталды. Қанатбек Теміров «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалында 40 жыл еңбек етсе, «Кедентранссервис» АҚ Павлодар филиалының бас инженері Аян Қайырдың еңбек өтілі 30 жылды құрайды.