Еңбек күні қарсаңында екі павлодарлық мемлекеттік награда алды
Марапат иелерінің еңбек өтілі 30 және 40 жылды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек күні қарсаңында өткен «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты. Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды.
Марапатталғандардың қатарында Павлодар облысының екі өкілі бар. Аян Қайыр – «Кедентранссервис» АҚ Павлодар қаласындағы филиалының бас инженері. Оның еңбек өтілі – 30 жыл. Қанатбек Теміров – «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалының слесарь-жөндеушісі. Ол кәсіптік салада 40 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Екі павлодарлық та «Құрмет» орденімен марапатталды.

Іс-шара барысында жұмыспен қамту, мамандар даярлау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы жаңа цифрлық шешімдер де таныстырылды.
Солардың бірі – жұмыссыз азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға бос жұмыс орындарын ұсынатын цифрлық қызмет. Пилоттық жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске қосылып, 59 мыңнан астам адамды қамтыған. Қараша айынан бастап жүйені еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарланып отыр.
Өндірістік қауіпсіздік бағытында электрондық наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері және жарақаттанудың алдын алуға арналған бейнеталдауы бар «Ақылды каска» сияқты жасанды интеллект шешімдері көрсетілді.
Қазір Қазақстанда 9,4 миллион адам еңбекпен қамтылған. Жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған.
Еңбек күні Қазақстанда Президент бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтеді.