Асайын Байханов шыбын-шіркейге қарсы күресті күшейтуді тапсырды

Асайын Байханов шыбын-шіркейге қарсы күресті күшейтуді тапсырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ертіс өзенінде бір шаршы дециметрде 1700-ге дейін шіркей дернәсілі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста дезинсекциялық іс-шаралардың барысы туралы айтылды.

Облыс әкімі өңірімізде ауа температурасының күрт жоғарылауына байланысты тұрғындардан масалардың көбеюі бойынша шағымдар түсуде екенін атап өтті. 

– Облыс аумағында күнделікті түрде ғылыми топпен шыбын-шіркейге фенологиялық мониторинг жүргізілуде, – деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева. – Қазіргі таңда Ертіс өзенінің бойында орналасқан барлық ауданда сары маса дернәсілдерінің дамуы байқалмайды. Атап айтқанда, 70 пайызы бірінші, екінші генерацияға тиесілі дернәсіл көлемі азайтылды. Қанаттанған көлемі күнделікті тосқауыл жұмыстары барысында реттелуде. 

Оның сөзінше, биыл жоғарғы Ертіс су табиғи су жіберулер аса көп мөлшерде және созылмалы болғандықтан,  судың өз арнасына түсуі солтүстік аудандарында біршама кешірек болды. Қазірдің өзінде жіберіліп жатқан су мөлшері секундына 1300 текше метрді құрайды. Ертіс бассейндік инспекциясының деректеріне сәйкес бұл көрсеткіш маусым айының соңына дейін сақталатын болады. 

Сонымен қатар шілде, тамыз айларында су мөлшері секундына 1500-2000 текше метрге дейін болу тәуекелі бар. Осыған орай Ақтоғай, Тереңкөл, Ертіс және Железин ауданында шіркейлердің даму жайылымында да байқалады. 

Фенологиялық мониторингте сәйкес судың молшылығына байланысты Ертіс өзенінде бір шаршы дециметрде 1700-ге дейін шіркей дернәсілдері анықталды. Осыған орай 29-31 мамыр аралығында Ертіс өзені Бесқарағай ауылынан бастап Моисеевка ауылына дейін биологиялық препаратпен бір мәрте өңделіп, дернәсіл саны бір шаршы дециметрге шаққанда 150-ге дейін төмендетілді, – деді Әйгерім Қабылтаева.

Сондай-ақ, ауа температурасының жоғарылауына байланысты шіркей дернәсілдерінің даму белсенділігі артуда. Фенологиялық бақылауға сүйенсек бір шаршы дециметрге 600-ге жуық дернәсілі келеді. Соған  байланысты бүгінгі күннен Ертіс өзенін екінші мәрте өңдеу және де Ертіс және Железин аудандарының жайылмасында дамуы байқалған шіркей дернәсілдеріне қарсы авиа өңдеу жұмыстары басталды. Жалпы барлық жұмыс үрдісі температуралық параметрлерді ескере отырып үйлестірілген.

Аудан әкімдерімен бірлесіп, бұл жұмысты әрі қарай да белсенді жүргізу керек. Әрине, бұл – оңай жұмыс емес. Жылдан- жылға қоршаған орта өзгеріп келеді. Су көлемі де әртүрлі. Биылғы жылы жалпы жайылманың 92 пайызын су басты. Әсіресе бұл көрсеткіш жоғарғы деңгей солтүстікте орналасқан аудандарда байқалады. Бұл –  Ертіс, Железин, Ақтоғай және де Тереңкөл аудандары. Сол аудандар бойынша жұмысты күшейтіп, осы аптада толықтай жұмыстарды атқару керек, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. 

Аймақ басшысы шіркейдің генерациясы тоқтамағандықтан, су қоймаларынан су жіберу деңгейі өте үлкен болуына байланысты жаңадан бекіткен тұжырымдамамен  науқанды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.