Асайын Байханов: Сол бір зобалаң кезең ешқашан қайталанбасын

Бүгін, миллиондаған жазықсыз жанның өмірін қиған, тарихымыздың ең қаралы беттерінің бірі – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаппай қуғын-сүргін жылдары Қазақстан көрнекті ғылым, мәдениет және білім қайраткерлерінен айырылды. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин және есімдері табандылық пен батылдықтың символына айналған мыңдаған адамдар бар.
– ХХ ғасырдың 30-жылдары әкелген зұлмат кезең миллиондаған адамның өмірін қиып, жаппай көші-қон мен қайғы-қасірет алып келді. Сол бір қасіретті жылдары туған үйлерінен айырып, жер аударылған халықтарға қазақ халқы соңғы нанын бөліп беріп, бауырына басты. Бұл адамгершілік пен жанашырлықтың үлгісіне айналды, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Ол сол бір зобалаң кезең ешқашан қайталанбауын және батылдық пен төзімділік, мейірімділік пен жанашырлық ұрпақтардың жадында қалуын, елімізде әрқашан бейбітшілік пен келісім орнауын тіледі.