Астана-Павлодар автожолында екі адам көз жұмды
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қараша күні сағат 21.00-де Астана-Павлодар автожолында «Лада» маркалы автомашинаның жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, өз машинасын жөндеп жатқан КамАЗ жүргізушісін қағып кеткен.
Бұдан кейін «Лада» автокөлігі КамАЗ көлігінің артқы жағымен соқтығысқан.
– Салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі мен «Лада» автомашинасының жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Жеңіл көліктің кәмелетке толмаған жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, – деді департаментте.
Аталған фактіге қатысты сараптама тағайындалды. Автокөліктер айып тұрағына қойылды.